Қарағандыда «Денсаулық сақтау саласындағы инвестициялар» тақырыбында ауқымды дөңгелек үстел өтті. Жиын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) «The Health Impact Investment Platform» жобасы аясында, ұлттық оператор «Turar Healthcare» ұйымдастыруымен ұйымдастырылды.
Басқосудың басты мақсаты – өңірдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек инфрақұрылымын жаңғырту және салаға инвестиция тарту. Жиында инфрақұрылымды жаңартумен қатар, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны жеделдету мәселелері көтерілді.
Қуандық Мұстафин, Бұқар жырау аудандық ауруханасының директоры:
«Ауданымызға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен «Turar Healthcare» өкілдері арнайы келіп, медициналық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысты. Кездесуде бөлінетін инвестициялар, ең алдымен, заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталатыны айтылды. Негізгі мақсат – тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыру».
Жиын барысында өңірлік медицина ұйымдарының басшылары мен мамандары инфрақұрылымның тозуы мен заманауи жабдықтардың тапшылығы сияқты түйткілді мәселелерді ортаға салып, тиісті мамандардан нақты жауаптар алды.
Қарағандыда денсаулық сақтау саласын жаңғырту және инвестиция тарту мәселелері талқыланды
Фото: Life09