Қарағандылық күзгі шақырылым сарбаздары Астана қаласына аттанды

Сурет: ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Қарағанды облыстық жинақтау пунктінде күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанған жас сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шара барысында Қарағанды облысынан шақырылған 36 жас сарбаз Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Астана қаласында орналасқан 5573 әскери бөліміне әскери қызмет өткеру үшін жолға шықты.

Салтанатты шығарып салу рәсіміне әскери қызметшілер, шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары, сондай-ақ Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты.

Жас сарбаздарға Отан алдындағы қасиетті борышты абыроймен атқару, әскери тәртіпті сақтау және антқа адал болу жөнінде ақ тілектер айтылды. Әскери қызмет – жас азаматтың бойында жауапкершілік, тәртіп, төзімділік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыратын маңызды өмір мектебі екені атап өтілді.

Сарбаздардың ата-аналары да өз перзенттеріне ақ баталарын беріп, әскери қызметті аман-есен өткеріп, елге абыроймен оралуын тіледі.

Ел қорғау – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебелі міндет. Бүгін жолға шыққан 36 қарағандылық жас Отан алдындағы азаматтық борышын орындауға жаңа өмір кезеңіне қадам басты.