«Тұлпар мініп, ту алған!»: жыр бәйгесі Қарағанды облысының оқушысына SDU-ға жол ашады

Фото: Life09

Қарағанды облысында дәстүрлі «Тұлпар мініп, ту алған» жобасына өтінім қабылдау аяқталды. Бұл жолы мектеп оқушылары түркі халықтарына ортақ мұра - Сүйіншәлі Жаңбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, өзара бақ сынайды.
Ұлттық мұраны ұлықтайтын сөз бәйгесіне қатысуға 6 169 оқушы ниет білдірген. Жас таланттардың талабын ұштап, сайысқа дайындауға 2 446 мұғалім атсалысып жатыр.

Жобаның биылғы бас жүлдесі - халықаралық QS World University Rankings 2025 рейтингіне енген және FIBAA тарапынан институционалдық аккредитациядан өткен беделді SDU University білім гранты. Өткен жылы бұл грант Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті тарапынан ұсынылған болатын.

Мемлекет басшысы атап өткендей: «Кітап оқу – жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтап қалатын рухани қалқан».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, батырлар жырын жаттау - баланың тіл байлығын арттырып, сөз мәнерін қалыптастырып қана қоймай, оның бойына ерлік, адалдық пен отансүйгіштік қасиеттерін ұялататын тәлімді тәрбие мектебі.

Жобаға қатысушы барша сайыскерлерге сәттілік тілейміз! Елін сүйген, елі сүйген азаматтар қатары көбейе берсін!10:46