Ата кәсіпті ғылыммен ұштастырған Мұрат Қожамберді: «Мақсатымыз – отандық жылқы типін елге тарату»

Сурет автордан

Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Шолақ еспе» жылқы зауытында отандық табынды жылқы шаруашылығын сақтау, асыл тұқымдық қасиеттерін жетілдіруге арналған ауқымды ғылыми-практикалық семинар өтті. Бұл басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен селекционер-ғалымдар, ветеринария мамандары, шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлер жиналды. Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық жылқы өсіру дәстүрін ғылыми тұрғыда жетілдіріп, саланы жаңа сапалы деңгейге көтеру.

«Шолақ еспе»

Басқосудың тәжірибелік бөлімінде қатысушылар шаруашылықтағы мал басының күзгі жағдайымен тікелей танысты. Бұл туралы Өнімді жылқы тұқымдарының Республикалық палатасының директоры Дәурен Сыдықов былай дейді:

«Қазір бұл шаруашылықта төрт мыңға жуық жылқы өсіріліп жатыр. Сол жылқының бір-екі табынын арнайы айдау дәлізіне кіргізіп, бақылау өлшеуін жасап, жігіттерге, келген қонақтарға көрсетіп жатырмыз.

Мұндағы мақсат – қазір негізгі үйірге түсіп жүрген айғырлардың күздік салмағын, қысқа қалай дайындалып жатқанын және дене өлшемдерін жан-жақты көрсету. Сонымен қатар, көктемде туған жабағылар қазір алты айлық болып қалды. Олардың қандай кондициямен, қандай салмақпен қыс маусымына кіріп бара жатқанын көзбен көріп, саралауға болады».

Қарағанды өңіріндегі «Шолақ еспе» жылқы зауытының тарихы тереңде жатыр. Әкеден балаға мирас болған бұл қасиетті кәсіп бүгінде отандық селекцияның орталығына айналып отыр. Зауыт басшысы Мұрат Қожамберді жарты ғасырға жуық уақыт ішінде өзіндік қолтаңбасы бар жылқы типін қалыптастырды.

«Жылқы тұқымын жақсарту жұмыстары шаруашылығымызда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл істің іргесін әкем алғашында «Маупас» және «Мескел» желілерінен бастаған еді. Кейін біз бұл бағытты жалғастырып, «Мерген», «Миман», «Майбас» және «Сарайғыр» атауларымен белгілі мықты айғырлардың тұқымын өсіруді қолға алдық. Қыстың қатаң, аязды жағдайына төзімді асыл тұқымды жылқыларымыз бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне таралып жатыр.

Біз сұрыптау жұмыстарына ерекше мән береміз. Әр жылқының тегін, шыққан ортасын, ұрпақтық ерекшеліктерін мұқият зерттеп, қай айғырмен шағылыстыру керектігін жан-жақты саралаймыз. Айғырларды да үйірге бірден қоспаймыз. Мәселен, құнан кезінде салмағы 450 келіге жеткен малды ғана болашақ айғыр ретінде іріктейміз.

Атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде, 1991 жылы жылқыларымызды «Сарыарқа типі» деген атаумен сынақтан өткізіп, кейіннен «Қожамберді» типін қалыптастырдық. Сандық көрсеткішке де тоқталсақ, алғашқыда аналық жылқылардың тірідей салмағы 330 келі шамасында болса, айғырларымыз 400–420 келі тартатын. Бүгінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде 540–560 келіге дейін жетті.

Ендігі басты мақсатымыз – жылқының осындай салмағы мен сапалық қасиеттерін сақтай отырып, тұқымдық ерекшеліктерін одан әрі жетілдіру және осы отандық типімізді еліміздің барлық өңіріне кеңінен тарату», – деді зауыт иесі Мұрат Қожамберді.

Семинар барысында Орталық Қазақстанның қатал климаттық жағдайында табынды жылқы шаруашылығын жүргізудің ерекшеліктері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар зауытта өсіріліп жатқан асыл тұқымды «Мұғалжар» жылқыларының сыртқы бітіміне, дене өлшемдері мен тұқымдық қасиеттеріне баға беріп, тәжірибе алмасты. 

«Мұрат ағаммен 2011 жылдан бері танысып, тығыз жұмыс істеп келемін. Өзім көбінесе ет бағытындағы шаруашылықпен айналысып жүрмін. Мұрат ағамның шаруашылығынан айғыр алғалы бері жылқыларымыздың салмағы едәуір өсіп, нәтижеміз жақсара түсті.

Қазір ұрғашы малдарымыз сойғанда 280 келіден таза ет беріп жатса, еркек малдарымыз 300 келіден астам ет береді. Бұл жылқылардың ерекшелігі мен артықшылығы өте көп. Ең бастысы, бұл айғырлар үйірге өте берік, өз бетімен басқарып, бір жылқышының жұмысын атқарады.

Мысалы, бір үйірге 20–23-ке дейін бие қосамыз, соның 21–22-сі құлын алып, өсіміміз өте жоғары болып жатыр. Көбінесе көрсеткішіміз осындай тұрақты деңгейде», – деп атап өтті «Жантөре» шаруа қожалығының иесі Сәкен Сембеков.

Жиынның ең маңызды жаңалықтарының бірі – «Орталық Қазақстанның табынды жылқы шаруашылығы қауымдастығын» құру бастамасы көтерілді. Жаңа ұйым өңірдегі шаруалардың басын қосып, селекциялық жұмыстарды үйлестіруге және асыл тұқымды малдың генетикалық әлеуетін сақтап қалуға жол ашпақ.

 

Мирас СӘУЛЕХАН,

Life09 AA