Президент Жолдауында 2027 жылдан бастап ел көлемінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру міндетін қойды. Бұл бастама «Халықтық құрылыс» деп аталады.
Жоспарға сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Қаражат ең алдымен әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесі салынады. Бұдан бөлек, елді мекендерге газ бен таза ауыз су тартылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жаңғыртылады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жоба жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және ұлттық экономиканы дамытуға серпін бермек.