Астанада LRT құрылысына байланысты бірнеше көшеде көлік қозғалысы шектеледі

Фото: Gemini ИИ

Елордада Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің екінші кезеңін салуға байланысты бірқатар көшеде уақытша шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, Сығанақ, Айтматов көшелері мен Тұран даңғылында көлік қозғалысы өзгереді. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Оның айтуынша, аталған аумақтардағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін және келесі жылы да жалғасады. Ал Қосшы қаласына қарай бағытталған желінің екінші кезеңін 2027 жылдың соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Қазір Сығанақ көшесіндегі №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жерде LRT-ның екінші және үшінші желілері түйіседі.
Қала әкімі тұрғындарды уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары кезінде көлік қозғалысын барынша қамтамасыз етуге күш салынатынын жеткізді.

Айта кетейік, әкімдік дерегінше, Tarlan Astana желісі арқылы осы уақытқа дейін 13,8 миллион сапар жасалған.