Қарағанды облысында еліміздің үздік учаскелік полиция инспекторлары анықталды. Өңірде өткен республикалық кәсіби шеберлік байқауының ақтық сынында Қазақстанның әр аймағынан іріктелген 20 полицей бақ сынады.

Байқау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасымен Қарағанды облысының Полиция департаменті тарапынан облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған қатысу үшін еліміз бойынша жеті мыңнан астам учаскелік инспектор іріктеу кезеңдерінен өткен.

Ақтық сынға өз өңірлерінде жоғары нәтиже көрсетіп, кәсіби біліктілігімен танылған полицейлер жолдама алды.

Қатысушылардың кәсіби даярлығы, қызметтік міндеттерін меңгеруі мен тәжірибелік дағдылары сынға түсті. Әсіресе құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындармен тығыз байланыс орнату және күрделі жағдайларда шұғыл әрі сауатты шешім қабылдау қабілетіне баса мән берілді.

Байқау үздіктерді анықтаумен қатар, әр өңірдің тәртіп сақшыларына өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Марапаттау рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, облыстық Полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов және облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев қатысты.

Өңір басшысы учаскелік инспекторлардың халықпен етене араласып, тұрғындардың күнделікті тыныс-тіршілігі мен түйткілді мәселелерінен жақсы хабардар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, белгілі бір көше, кент немесе ауылдағы қауіпсіздік көп жағдайда учаскелік инспектордың жауапкершілігіне, принципшілдігіне және тұрғындармен тіл табыса білуіне байланысты.
– Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамымызды дамытудың маңызды бағдарларының бірі ретінде айқындады. Алайда заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана қатысты ұғым емес. Бұл, ең алдымен, әр азаматтың өз құқығы қорғалатынына, әділдіктің сөз жүзінде ғана қалмайтынына және мемлекет қажет кезде көмекке келуге дайын екеніне деген сенімі. Осы ретте сіздерге – учаскелік инспекторларға жүктелер жауапкершілік айрықша. Өйткені көптеген азамат үшін мемлекет ұғымы биік мінберлер мен үлкен кабинеттерден емес, көмек сұрап жүгіне алатын нақты адамнан басталады. Өз аумағын, әр көшесін, отбасылар мен тұрғындардың мәселелерін бес саусақтай білетін, заң талаптарын орындатумен ғана шектелмей, халықтың сөзін тыңдап, мұң-мұқтажына құлақ аса алатын учаскелік инспектордан басталады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сондай-ақ байқауға қатысушыларға ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов сөз арнады.
– Учаскелік инспектор – полицияның халықпен байланысын қамтамасыз ететін негізгі өкіл. Өйткені ол тұрғындармен тікелей жұмыс істейді, олардың тыныс-тіршілігін, өзекті мәселелерін жақсы біледі әрі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысады. Мемлекет басшысы учаскелік инспекторлардың мәртебесін көтеруге және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл сіздер атқарып жүрген қызметтің қоғам өміріндегі маңызын айқын көрсетеді, – деді комитет төрағасы.

Республикалық байқаудың бас жүлдесі Ақмола облысы Полиция департаментінің өкілі, полиция майоры Бауыржан Сарыбаевқа бұйырды. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен де марапатталды.

Бауыржан Сарыбаев ішкі істер органдарында 14 жылдан бері қызмет етеді. Соның жеті жылын учаскелік инспектор ретінде өткерген. Оның айтуынша, бұл қызметте кәсіби даярлық пен дене шынықтыру дайындығы ғана емес, адамдармен тіл табысып, сеніміне ие бола білу де маңызды.
– Учаскелік инспектордың басты міндеті – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Ол үшін тұрғындармен үнемі байланыста болып, өз учаскеңдегі ахуалды жіті біліп отыру қажет. Әр адамға түсіністікпен қарап, оның мәселесіне бейжай қарамау керек. Өйткені біздің жұмысымызда тұрғындардың сенімі айрықша мәнге ие, – деді Бауыржан Сарыбаев.
Екінші орынды Түркістан облысының өкілі, полиция майоры Түлеби Қолманов иеленді. Ол Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «ІІМ үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ал үшінші орын Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкері, полиция капитаны Мырзатай Мекенбайға бұйырды. Оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің грамотасы табысталды.

Байқау аясында Қарағанды облысының үздік учаскелік инспекторлары да марапатталды. Өңір басшысы үшінші жыл қатарынан қала мен ауылдағы үздік учаскелік инспекторларға екі миллион теңгеден ақшалай сертификат табыстап келеді.

«Үздік қалалық учаскелік полиция инспекторы» аталымында Саран қаласы Полиция бөлімінің қызметкері, полиция подполковнигі Айдар Маканов жеңімпаз атанды.

Ал «Үздік ауылдық учаскелік полиция инспекторы» аталымында Ақтоғай ауданының өкілі, полиция аға лейтенанты Жандос Қыдыргелді үздік деп танылды.
Сонымен қатар бірқатар полиция қызметкеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімі концертпен аяқталды.