Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы өндірісі қарқын алып келеді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысының аграрийлері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып, техникалық паркін жаңартып, егіс алқаптарын кеңейтіп, мал шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отыр. Биылғы жылдың алғашқы он айында өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 445 млрд теңгеге жетті. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 21 пайыздан астам өскен. Өсім мал шаруашылығы мен егін шаруашылығында да байқалады.

Саладағы өсімге, ең алдымен, мал шаруашылығының қосқан үлесі зор. Жыл басынан бері облыста 79,4 мың тонна ет, 192,5 мың тонна сүт өндіріліп, 535 млн-нан астам жұмыртқа алынды. Өңірде ірі қара мен жылқы саны көбейіп, құс шаруашылығы да өркендеп келеді.

Мал шаруашылығының тұрақты дамуы үшін жемшөп қорын қалыптастырудың маңызы зор. Осы мақсатта биыл жемшөп дақылдары егілген алқаптардың көлемі 20 пайызға жуық ұлғайып, 206 мың гектардан асты. Бұл мал азығын молайтып қана қоймай, шаруашылықтардың қысқы науқанға тыңғылықты дайындалуына да мүмкіндік береді.

Егін шаруашылығында да ілгерілеу бар. Аграрийлер егіс алқаптарының құрылымын қайта қарап, нарықта сұранысқа ие әрі болашағы зор дақылдарды өсіруге көбірек көңіл бөліп отыр. Мәселен, биыл майлы дақылдар егілген алқап 35,6 мың гектарға ұлғайды. Егіс құрылымын әртараптандыру шаруашылықтарға өнім түрлерін көбейтіп, белгілі бір дақылға тәуелділікті төмендетуге жол ашады.

Биыл облыс диқандары 421 мың тоннадан астам картоп жинады. Көкөніс өнімі 70 мың тоннадан, ал майлы дақылдар түсімі 71 мың тоннадан асты.

Жиналған өнімді сақтау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Өйткені мол өнім алу қаншалықты маңызды болса, оны ысырапсыз сақтап, уақытылы өткізуге жағдай жасау да соншалықты маңызды. Қазір облыстағы астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 1,44 млн тоннаға жетсе, картоп пен көкөніс сақтайтын қоймалар 358 мың тоннаға жуық өнімді сақтауға қауқарлы.

– Агроөнеркәсіптік кешенді нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеміз. Біз үшін өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, оның тиімділігін арттыру да маңызды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға, егіс алқаптарын кеңейтуге, жемшөп қорын молайтуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырмыз. Мұның бәрі шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуіне және саланың алдағы уақытта да қарқынды дамуына негіз болады, – деді Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – мемлекеттік қолдау. «Кең Дала» және «Кең Дала – 2» бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 15,9 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылып келеді. Осы тетік арқылы шаруашылықтар мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

Салаға инвестиция тарту жұмысы да жанданып келеді. Қазір облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 51,5 млрд теңге болатын 40 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оларды іске асыру нәтижесінде 383 жаңа жұмыс орнын ашу және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 12,9 млрд теңге болатын 12 жоба пайдалануға беріліп, 177 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жыл соңына дейін облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 559,6 млрд теңгеге жеткізу, мал басын одан әрі көбейту және салаға құйылатын инвестиция көлемін арттыру жоспарланып отыр.