Бүгін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Рас, оқу ордасының тарихы, тек, осы елу жылмен ғана шектеліп қалмайды. Бастауы сонау 1938 жылы құрылған Қарағанды педагогикалық институтында жатыр. Ал, 1972 жылы сол институтты кеңейтіп, университет ретінде қайта құру туралы шешім қабылданғанды. Содан бері қарайғы уақытта он мыңдаған студент дәріс алып, білікті мамандар, ғалымдар өсіп шықты. Уақыт зымырап жатыр. «Елу жылда – ел жаңа» деген нақылды ұстана отырып, университет соңғы жылдары қалай түлегенін білмекке арнайы бас сұққан едік. Сонымен...
Қарағандылық журналистер мен блогерлерді университет ректорының кеңесшісі Мирас Құттыбай күтіп алып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырып шықты. Айтуынша, қазіргі таңда білім ошағының басшылығы студенттерге сапалы білім берумен ғана шектеліп қалмай, оларға жан-жақты қолдау көрсету, барынша қолайлы жағдай жасау жағын қолға алған. Мәселен, салынғалы бері мүлдем жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен №12 оқу корпусы қайта қалпына келтіріліпті. Бүгінде «JS ЖІГІТТІҢ СҰЛТАНЫ» атанған кешенінде университет студенттерімен қатар, қала тұрғындары да спортпен шұғылданға мүмкіндік алып отыр.
Ең ауқымды өзгерістерді Студенттер үйі аумағынан байқадық. Әсіресе, Бас корпустың іргесінде орналасқан 4 жатақхананың ауласына футбол, хоккей алаңдары салынып, түрлі спорттың жабдықтар орнатылған екен. Сондай-ақ, Қарағандыда алғаш рет Студенттер емханасы ашылыпты.
-
Мұнда негізінен студенттер мен университет оқытушыларына көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, қала тұрғындары МӘМС аясында, тегін кеңес ала алады. Мұнда қажет мамандардың барлығы бар. Тексеруден өткізіп, нақты диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтардың барлығын орнаттық. Қазіргі таңда студенттерді толықтай медициналық бақылаудан өткізіп жатырмыз. Осы арқылы олардың бойындағы сырқатын дер кезінде анықтауға, асқындырмай емдеуге мүмкіндік алып отырмыз, - дейді емхананың бас дәрігері Назира Базарова.
Расымен де, студенттер үшін, әсіресе өзге қала мен аудандардан келген жастар үшін емханаға баруда көптеген қиындықтар кездесіп жатады. Әрі, жастар арасында жеңіл-желпі сырқатын елемей, дәрігер бақылауына баруды кейінге ысыра салу жиі кездесіп тұрады ғой. Ал, енді бұл мәселе оңынан шешілді. Жатақхана студенттері іргедегі емханаға бас сұғып, қажет кеңестерін ала алады. Бос уақытында таяқ тастам жерде тұрғын спорт алаңдарына барып, салауатты өмір салтын ұстануларына да болады.
Қазіргі таңда жастардың жан-жақты, үнемі ізденісте болуы маңызды ғой. Бұл мәселе де назардан тыс қалмаған екен. Барлық оқу ғимаратында коворкинг орталықтары ашылған. Ал, Бас корпуста, тіпті, бизнес инкубатор бөлмесі салыныпты. Студенттер бос уақыттарында осы жерде бас қосып, идеяларын талқылап, өз стартаптарын бастай алады. Қазірдің өзінде пластик қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жұмыстарын қолға алған. Бұл үшін оқу корпустарына пластик қоқыстарға арналған арнайы жәшіктер орнатылыпты.
Түс ауа университет басшысы Нұрлан Дулатбековтің қабылдауына кіріп, оқу ордасының алдағы жоспарларымен таныстық. Ректордың айтуынша, алдағы уақытта да ғылымды дамыту, студенттерге қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
-
Былтыр үш ғылыми жобаны дамытуға грант бөлдік. Олардың барлығы оң нәтиже берді. Мәселен, бір ғана «Қасымтану» жобасы аясында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Ақынның кітаптарын, сирек кездесетін суреттерін таптық. Өмір жолындағы беймәлім тұстарын анықтадық. Енді, биыл дәл осындай 12 жобаға грант бөліп отырмыз. Сондай-ақ, факультеттердің бизнеспен, кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста болуына да ерекше назар аударып отырмыз, - дейді Нұрлан Орынбасарұлы.
Жалпы алғанда білім ошағында айтарлықтай оң өзгерістер бары байқалады. Бастысы заманауи білім беру ісі жолға қойылып, дамудың нақты жоспары әзірленген.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.