Теміртау тұрғыны 16 жасар баланы гараждардың біріне қамап ұстаған. Полиция жасөспірімді қамауда асыраған әйелді ұстады.
Жасөспірімнің осындай қатаң жағдайда өмір сүріп жатқанына Теміртаудың бір тұрғыны куә болған.
Оның айтуынша, 16 жасар ер баланың дамуы тежелген, ешкіммен сөйлеспейді, жаза да, оқи да алмайды.
"Бала патронаттық тәрбиеде өсті. Оның туған ата-анасы қайда екені белгісіз. Сондай-ақ асырап алған адамдарда баланы асырап алу туралы құжаттар мен туу туралы куәлік те жоқ. Мектепке бармауының бір себебі осы шығар. Олар балаға ие бола алмаған соң гаражға қамап қойды", – дейді Теміртау тұрғыны.
Бұл жағдай жаздың соңында тәртіп сақшыларына хабарланған.
Қазіргі уақытта полиция жағдайдың егжей-тегжейін, баланың мұндай жағдайға қалай тап болғанын және баланың ата-анасы қайда екенін анықтап жатыр.
"Тамыз айының басында Теміртау қаласының полиция қызметкерлері диспетчерлік пунктке келіп түскен шақыру бойынша гараждардың бірінен қамауда отырған жасөспірімді тауып алды. Анықтай келе баланы мұндай жағдайда ұстап, асырап жүрген Теміртау тұрғыны анықталды. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 126 және 141-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажетті сараптама жасалды. Тергеу жалғасуда", – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің аталған баптары бойынша күдіктілер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.