BANNER

Азаматтық ұстанымнан айнымған қарағандылықтарға Алғыс айтылды

Фото отсутствует

Бүгін - Алғыс айту күні. Елдегі барлық этнос өкілдерін бірлікке, жалпы халықты ынтымақ мейірімге шақыратын осы бір айтулы мейрамды қарағандылықтар биыл да өз биігінде қарсы алды. Жыл бойы игі ісімен көзге түсіп, ерлігімен танылған азаматтарға алғыс айтылып, қошемет көрсетілді, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

Мерекеге орай Достық үйінде өткен салтанатты шарада ең алдымен "Қаңтар қасіреті" кезінде ел тыныштығын күзетіп, әскери борышын өтеу кезінде қайтыс болған сарбаздардың ата-аналарына ризашылық білдірілді. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Отанға адал ұл тәрбиелей білген Мадияр Қайсаровтың, Айбат Амановтың және Әділ Нұркеновтың туыстарына алғыс айтты.

– Полицейлер, сарбаздар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен журналистер тәулік бойы жұмыс істеп, өзара көмек пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Сынақтың қиын күндерінде өзінің азаматтық және кәсіби борышын адал атқарған әрбір адам шынайы алғыс пен жылы лебізге лайық деп санаймын, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, салтанатты шарада еріктілерге, меценаттар мен полицейлерге және өрт сөндірушілерге де алғыс айтылып, құрмет көрсетілді. Олардың барлығы өздерінің кәсібіне адалдық танытып, қоғам тынысынан тысқары қалмаған, көмекке мұқтаж жандарға барынша қолғабыс көрсетіп, азаматтық ұстанымдарынан айнымған жандар. 

– Ауру балалардың аналары қоңырау шалып, біздің көмегіміз тигенін айтқан кезде шаттанып қаламыз. Бұл өте шабыттандырады және алға жылжуға көмектеседі. Жақсылық жасау – жанымның жай-күйі, – деп мойындады "Отзыв" қайырымдылық қорының негізін қалаушы Александр Корогодов.