BANNER

Балалар арасында өткен патриоттық әндер байқауының бас жүлдесін он бір жасар қарағандылық иеленді

Фото: пресс-служба акимата Карагандинской области

«Туған елге мың алғыс» атты балалар арасында өткен облыстық патриоттық ән байқауында қарағандылық Фатима Темірғалы бас жүлде жеңіп алды. Шығармашылық байқауға Абай, Бұқар жырау, Осакаров, Шет, Ұлытау, Жаңаарқа, Нұра аудандары мен Балқаш, Теміртау, Шахтинск және Қарағанды қалаларынан барлығы 100-ге жуық жас вокалистер қатысты.

«Байқау 9–12 және 13–17 жас аралығындағы топтарда екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар Отан туралы бір патриоттық ән орындаса, екіншісінде еркін тақырыпта ән шырқады. Қазылар алқасы қатысушылардың вокалдық қабілеттерін, орындаушылық шеберлігін, техникасы мен сахналық бейнесін бағалады», – дейді ұйымдастырушылар.

Гран-при иегері, қарағандылық он бір жасар Фатима Темірғалы Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің «Жас толқын» эстрадалық-вокалдық үйірмесінде өнер көрсетеді.

– Бұл байқауға біз «Туған жер» және «Бұлбұлдай» әндерін дайындадық. Бұл Фатиманың алғашқы жеңісі емес, бұған дейін ол көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Өткен жылы «Алаш стар» байқауында Гран-при жеңіп алды. Әрі қарай дайындалып, жаңа шыңдарды бағындырамыз, – дейді «Жас толқын» эстрадалық-вокалдық үйірмесінің жетекшісі Гүлдана Мақшонова.

9 жастан 12 жасқа дейінгі жас санатында бірінші орынды Абай ауданынан Остап Титовский, ал 13 жастан 17 жасқа дейінгі санатта жеңісті Шет ауданынан Нұрайлым Айбекова иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен марапатталды, сондай-ақ барлық қатысушылар мен олардың басшыларына Қарағанды облысының композиторлар клубының алғыс хаттары мен патриоттық әндер жинақтары табыс етілді.

а