Денсаулық сақтау министрлігі елден дәрі-дәрмек шығаруға уақытша тыйым салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұйрық жобасы 6 сәуірге дейін ашық құқықтық актілер порталында талқылау үшін орналастырылған.
Министрлік алты айға Қазақстан аумағынан кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде фармацевтикалық субстанцияларды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, сондай-ақ оларды өндіруге арналған материалдар мен компоненттерді әкетуге тыйым салуды жоспарлап отыр.
Тек мына жағдайларда рұқсат беріледі:
- Қазақстаннан тыс жерге транзиттік жөнелтілім бойынша тасымалданатын жүктер;
- тек жеке пайдалануға, жеке тапсырысқа арналған медициналық бұйымдар;
- халықаралық гуманитарлық көмекке арналған тауарлар;
- бөлшек сауда шеңберінде жеке тұтыну үшін әкелінетін және сатып алынған тауарлар;
- тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде алынған дәрілік заттар;
- сатуға құқығы жоқ көрмелерге арналған үлгілер;
- зерттеулер мен сынақтарға арналған үлгілер;
- пайдалану орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында өндірілген радиофармацевтикалық препараттар;
- мемлекеттік тіркеу кезінде сараптамаға алынған үлгілер;
- пациенттің немесе оның донорының аутологиялық биоматериалдарын пайдалана отырып, жеке қолдануға арналған кеңейтілген терапиялық дәрі-дәрмектер;
- ЕАЭО кедендік аумағына келетін көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін емдеуге арналған дәрілік заттар;
- халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған дәрілік заттар;
- Қазақстан өндірушілері шығарған, тыйым салынған "СТ-1" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаты бар дәрілік заттар.