BANNER

Республикалық референдум: Сарапшылар не дейді?

Фото: жоқ

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты отыз бірінші сессиясы өтті. Мемлекет басшысы Ата Заңның 33 бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілетінін айтты және осыған орай республикалық референдум өткізуді ұсынды. Біз президенттің көтерген бастамалары туралы сарапшылардың пікірін сұраған едік.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов:

Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан Халқы ассамблеясы сессиясында Контитуциялық өзгерістерге байланысты Ата Заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгертулерді жалпыхалықтық референдумға шығару туралы ұсынысын айтты. Биыл16 наурызда мемлекет басшысы Қазақстан Халқына жолдауында жаңа саяси реформалар бағдарламасын ұсынған болатын. Осы реформаларды жүзеге асыру Конституцияға өзгерістер енгізу негізінде болатыны туралы айтылды. Өткен аптада Конституциялық өзгерістер бойынша арнайы жұмыс тобы өз жұмысын аяқтап, президентке ұсыныстарын білдірді. Қазір президенттің өзі көтерген қағидасы - халық үніне құлақ асатын мемлекет аясында билік пен қоғам, халық пен мемлекет арасындағы ара қатынастың жаңа форматы негізінде осы жалпыхалықтық референдум ұсынылып жатыр. Елімізді демократияландыру процесі халықтың пікірін елей отырып жүзеге асатын болады. Мемлекетімізде болып жатқан саяси өзгерістерді мемлекеттік басқарудың трансформациясы, қайта құрылуы деп қабылдау қажет. Суперпрезиденттіктен ықпалды парламенті бар президенттікке өту- Бірінші республикадан Екінші республикаға өту дегенді білдіреді. Екінші республиканың негізгі қағидаттары Ата Заңымызға енгізілетін 33 толықтырулар негізінде жүзеге асады. Оның басты бағыттары: Парламенттің нығаюы, жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілетінің кеңеюі, сайлау жүйесінің жаңа үдерісін жүзеге асыру және партиялық жүйені оңтайландыруға бағытталған. Ең бастысы - фундаменталды адам құқықтарын қорғау мәселелері қарастырылмақ. Мысалы: Ата Заңға енгізілетін 33 өзгеріс негізінде Конституциялық сот пайда болады. Соның негізінде алдағы уақытта заңнамамларға өзгертулер енгізіледі. Нәтижесінде кез-келген Қазақстан азаматы Конституциялық құқығы бұзылған жағдайда аталмыш Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар, жаңа партиялардың пайда болуы елімізде саяси бәсекелестікті арттыруға негіз болады. Бүгінде Әділет министрлігіне 4 жаңа партияны тіркеу туралы ұсыныс түскен. Алдағы уақытта одан да көп болуы мүмкін. Бұл, жалпы, көппартиялық жүйені дамытуға алып келуі тиіс.

ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай:

Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жалпыұлттық референдум өткізу елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңызын тағы бір рет дәлелдей түсті. Елімізде референдум 1995 жылы Конституция қабылданған кезде алғаш рет өткізілген болатын. Конституциялық реформа жекелеген баптарға емес, негізгі Заңның үштен бір бөлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейді. Сондықтан жалпыұлттық референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар өткізу өте орынды.Түзетулер мемлекеттік басқарудың жаңа пардигмасын құруды және билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Сондықтан президент мемлекет құрылымының жаңа моделін "Екінші республика"деп атады.

Abai.kz