Алдын ала болжам бойынша, өртке электр сымының қысқа тұйықталуы себеп болған
Көкшетау маңындағы Красный Яр ауылында ерлі-зайыпты мен екі кішкентай балалары өрт кезінде қайтыс болды. Қайғылы оқиғаға электр сымының қысқа тұйықталуы себеп болған.
Өрт 5 мамыр таңға жуық шыққан. Сағат 03:54-те ТЖД-ның кезекші бөліміне Красный Яр ауылындағы көппәтерлі үйдің бірінші қабатында өрт болғаны туралы хабар түскен. Құтқарушылар оқиға орнына үш минутта жетті.
"Өрт сөндіру кезінде 1991 жылы туған ер адам және 1993 жылы туған әйелдің, сондай-ақ төрт жасар екі баланың мәйіті табылды", - деп хабарлады Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін 1964 жылы туған әйел мен оның жеті жастағы немересі өз бетінше терезеден далаға шыққаны белгілі болды.
"Өрт 50 шаршы метр аумақтағы пәтерде болған. Алдын ала болжам бойынша, электр сымының қысқа тұйықталуы себеп болған. Жалын сағат 04:50-де өрт сөндірілді. Қазір апат орнында өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр", - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінде.
Ал Красный Яр ауылының тұрғындары электр сымдарының тозғанына, тоқ кернеуінің тұрақты ауытқуына, соның салдарынан жарықтың жиі сөнуіне шағымданды.
"Үйдің кіреберісінде үнемі күйіктің иісі шығып тұрады. Үй ескі, электр сымдары да тозған. 3 мамырда Школьная көшесі, 1А мекенжайындағы үйдің бірінші қабатында электр сымының қысқа тұйықталуы болып, тоқ ұшқындары шашырап, күйік иісі шықты. Жауапты органдар осы мәселеге назар аударса дейміз. Себебі қайғылы оқиға қайталануы мүмкін", - деді тұрғындар.