Алматы қаласында «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының еңбектері» атты сериялық басылымының екінші томының тұсаукесері өтті.
Кітап қазынаға толы Сарыарқа даласынан табылған 250-ден астам тас мүсіндердің тарихынан сыр шертеді.
«Орталық Қазақстанның тас мүсіндері (зерттелу тарихы)» деп аталатын кітаптың екінші томында Сарыарқаның қола дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын тас мүсіндері жайлы мағлұматтар бар. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы статуарлы ескерткіштерге кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жан-жақты тарихнамалық талдау берілген. Басылымның ерекшелігі – қазақ даласындағы ескерткіштердің қатары кейінгі қола және сақ дәуірінің тас мүсіндері шоғырланған Ақсай кешені, түркі дәуірінің Жылысай кешені мен Бөрілі ескерткіші, қыпшақ кезеңінің ғибадатханалары Абылай, Мыржық, Жіңішке және басқа көптеген тас мүсінмен алғаш рет толықты. Сондай-ақ белгілі отандық археолог Мир Қадырбаевтың зерттеулері ғылыми айналымға енгізілді, - делінген хабарламада.
Кітаптың қосалқы авторлары т.ғ.к., тас және палеометалл дәуірі археологиясы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов, т.ғ.д., Кемерово Мемлекеттік Университетінің археология кафедрасының профессоры Любовь Ермоленко, т.ғ.к., тас және палеометалл дәуірі археологиясы бөлімінің ғылыми қызметкері Әсем Қасенова елімізде жүргізілген археологиялық зерттеулердің тың нәтижелері негізінде жарыққа шығарды.
Бұл еңбек Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне арналған. Кітап екі тараудан тұрады. Бірінші тарауы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Сарыарқа тас мүсіндеріне жүргізген зерттеу тарихына, екіншісі – Орталық Қазақстанның көрнекті ескерткіштерінің шығу тарихына арналады.
Зерттеу барысында «Қазақ археологиясының негізін қалаушы ғaлым Әлкей Марғұланның жарық көрген еңбектері мен архив құжаттарынан Сарыарқаға тиесілі 115-ке жуық тас мүсіндерінің сызбалары мен фотосуреттері белгілі болды. Солардың қатарында бүгінгі күнге дейін қайта жүргізілген 80-нен астамын анықтау мүмкін болмады. Жалпы қазіргі таңда Сарыарқада 357 тас мүсін белгілі болып отыр. Оның ішінде Ежeлгі тaс мүсіндeрді орнату дәстүрі кейінгі қoлa дәуірінeн бaстaу aлaды деп жазылған Әлкей Мaрғұлaнның еңбектерінде. «Қойтас» деп ғылымға енгізген меңгірлердің саны 101 болса, 29 сақ тас мүсіні, қалғаны түркі және қыпшақ дәуіріне жатқызылып отыр, – деді кітаптың қосалқы авторларының бірі археолог-ғалым Әсем Қасенова.
Сондай-ақ еңбекте археологиялық мұраларға мониторинг жүргізу және ескерткіштердің сақталу дәрежесін бағалауда Қазақстанның белгілі тас мүсіндеріне қайта ресми түрде құжаттандырылды. Жиында ғалымдар Орталық Азиядағы мүсіндік ескерткіштерді зерттеудің өзекті мәселелері мен перспективалары жайлы сөз қозғады.