BANNER

Қарағанды облысында мал азығын дайындау еселенеді

Фото: жоқ

Қарағандылық фермерлер 80 мыңнан астам гектар жерге біржылдық және көпжылдық жем-шөп егуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға 30 мыңға жуық техника жұмылдырылады.

Қарағанды облысында мал шаруашылығы тұрақты дамуда. Мал басы артып келеді. Өңірде жем-шөп дақылдарын өсіру де артады. Бұл саланы дамытуға қолдау көрсетілмек. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек субсидия мәселесін шешуді тапсырды.

«Мал шаруашылығын дамыту үшін берік жем-шөп базасын құру қажет. Жем-шөп дақылдарының егіс алқаптары ұлғаюда. Биыл 81,5 мың га көпжылдық және біржылдық шөптер егіледі. Бұл өткен жылдың деңгейінен 9 мың гектарға артық. Сондай-ақ жемдік дақылдар егісі де артып келеді», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров аппарат кеңесінде.

Фермерлер жем әзірлеу үшін техника дайындап жатыр. Басқарманың ақпараты бойынша, 30 мыңға жуық машина мен агрегат іске қосылады.

Асқар Санаубаров облыста ет және сүт өндірісі тұрақты артып келе жатқанын да атап өтті. Фермерлер мал басын, соның ішінде асыл тұқымды мал басын толықтыруда. Жыл басынан шаруашылықтар 438 бас ірі-қара мал және 664 жылқы сатып алуға несие қаражатын алды.

2021 жылы облыста мал шаруашылығы саласында екі жоба іске асырылды: «Құрма» агрофирмасының құс фабрикасы жаңғыртылды және асыл тұқымды репродуктор салынды. Биыл жоспарланған тоғыз жобаның екеуі іске қосылды. Шет ауданында жаңа сүт-тауар фермасы және Бұқар Жырау ауданында құс фабрикасы салынды.

«Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің тұрақты артуы байқалады. Бұған мемлекеттік қолдау, оның ішінде субсидиялар түріндегі қолдау ықпал етеді. Біз мал шаруашылығын дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдалануға тиіспіз. Жем дайындау науқанына уақытылы дайындалу керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы Қаржы басқармасымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы малдары үшін жем-шөп шығындарын субсидиялауға қаражат бөлу мәселесін қарастырғаны жөн», – деді Жеңіс Қасымбек.