Қазақстанда алғашқы атом электр станциясы 2035 жылға қарай пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда АЭС құрылысының экономикалық аспектілерін талқылау жөніндегі дөңгелек үстелде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгінде әлем бойынша 441 атом электр станциясы жұмыс істейді. АЭС 32 елде бар, олардың ішінде АҚШ, Франция, Жапония және Үндістан көш бастап тұр. Алдағы уақытта алғашқы АЭС Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркияда пайда болады. Бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін.
"Дайындық жұмыстарының кезеңі шамамен бес жыл болады. Бұл уақытта ТЭН мен ЖСҚ әзірленеді. АЭС құрылысының негізгі кезеңі алты жылдай болады. Жобаны іске асыру мерзімі шешім қабылданған күннен бастап шамамен 10-11 жылды алады.
Егер келесі жылы реактор жеткізушісін анықтап, ТЭН әзірлеуге кіріссек, АЭС пайдалануға беру 2035 жылы жүргізілуі мүмкін", - деді "Қазақстандық атом электр станциялары" бас директоры Тимур Жантикин.
Ол АЭС салу кезінде III және III+ буынды ядролық реакторларды қарастыру қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл - әлемде сыналған және сенімді технологиялар.