Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласында қоғамдық кеңеспен және қалалық мәслихат депутаттарымен бейресми жағдайда кездесті. Өңір басшысы қалада болып жатқан өзгерістер туралы және Ел Президентінің тапсырмалары аясында жоспарланып отырған жұмыстар жайлы айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі.
Қазір Балқашта инженерлік желілер, қасбеттер мен жолдар ауқымды жөнделуде, аулалар абаттандырылуда, тұрғын үй салынуда.
- Өздеріңіз білетіндей, қалада су құбыры желілері ескі, олардың тозуы 85% құрайды. Сондықтан екінші және үшінші кезектегі су құбырын ауқымды қайта құру басталды. Үш жыл ішінде 120 км су құбыры желілері қайта жаңартылуда. Биылғы жоспар - 23 шақырымды ауыстыру, - деп хабарлады кездесу барысында облыс әкімі.
Жөндеу жұмыстары Тоқырау – Саяқ су құбырында да жүргізілуде. Биыл 4 км құбыр ауыстырылады, бұл ауыз сумен жабдықтау уақытын ұзартуға мүмкіндік береді. Болашақта жыл сайын 15 км құбырды жөндеу жоспарлануда.
Жеңіс Қасымбек Қоңырат шағын ауданындағы өзгерістер туралы да жұртшылыққа айтып берді. Онда тұрғындардың өтініші бойынша ДСК салынып, орамішілік жылу желілерін жүргізуді жалғастыруда. Жұмыстар қазірдің өзінде 40% орындалды. Орталық жылытуға 66 көпқабатты үй, 4 әлеуметтік нысан және 44 жеке тұрғын үй қосылды. Жоба толық аяқталғаннан кейін орталық жылытуды 170 жеке сектор үйі алатын болады және жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы мүмкін болады.
Жеңіс Қасымбек жергілікті билікке ТКШ-ның барлық жобаларының мерзімінде тапсырылуын қатаң қадағалауды тапсырды. Ал тұрғын үйді бөлу кезінде кезекте тұрған жетім балаларға назар аудару қажет. Сонымен қатар, өңір басшысы көгалдандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.
– Тұрғындардың айтуынша, жасыл желектер аз, қалалық жағалауды абаттандыру туралы көптеген шағымдар бар. Бұған ерекше назар аудару керек. Балқаштықтардың серуендеуге, демалуға арналған орны болуы тиіс, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. - Қалада туристік кластерді дамыту үшін заманауи қонақ үйлер салу қажет. Біз сіздермен мерзім сайын осындай кездесулер өткіземіз, сіздер маған қалада не істелгенін және не нәрсеге назар аударуымыз керек екенін айтасыздар.
Кездесуде түрлі тақырыптар, олардың ішінде Балқаш инфрақұрылымын дамыту, туристік әлеует және қаланы дамыту жоспарлары көтерілді.
– Біздің барлық тақырыптарымыз толығымен талқыланды. Мысалы, бізді Балқаш – Алматы теміржол қатынасы мәселесі толғандырады. Бұл бізге өте қажет. Менің әріптестерім 17-ші орамда мектеп салуды сұрады. Аудан кеңейіп келеді, жаңа оқу орны қажет. Бізді естіді, барлық мәселелер шешіледі деп үміттенеміз, ал біз қоғамдық кеңестің мүшелері ретінде әкімдікке барынша көмек көрсетеміз, - дейді Балқаш қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлнар Шайкенова.
Сондай-ақ, облыс басшысы магистральдық су желілеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстарын, Балқаштағы балалар технопаркін және тұрғын үй құрылысын аралап көрді.
Жеңіс Қасымбек 10-шы және 12-ші шағын аудандардағы құрылыс алаңдарына барды. 10-шы шағын ауданда 45 пәтерден тұратын екі үй салынуда. Тапсыру келесі жылға жоспарланған. 12-ші шағын ауданда 10 және 12 пәтерлі екі қабатты екі таунхаус пайда болады. Барлық орталық коммуникациялар тартылды. Осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда.
Облыс әкімі Жидебай батыр ескерткішінің ашылуында да болды. Ол Астана аллеясында Қадыржанов көшесінде орнатылды. Мүсіннің авторы – Нұржан Биомаров.