20 қараша, сайлау күні астаналықтар қоғамдық көлікпен тегін қатынай алады (қалалық және қала маңындағы маршруттар), - деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
"20 қарашада Астана қаласының қоғамдық көлігі қалыпты режимде жұмыс істейді. Бұл күні қалада, қала маңына қатынайтын бағыттарда жол жүру тегін болады. Автобустар әдеттегідей таңғы сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін жүреді", - делінген хабарламада.
Ал, 21 қараша, дүйсенбіден бастап қоғамдық көлік жұмысын жалғастырады. Төлем қолма-қол ақшасыз жасалады.
Айта кетейік, 2020 жылдың наурызынан бастап елорда әкімінің тапсырмасымен қаладағы кәмелетке толмаған тұрғындар үшін тегін жол жүру енгізілді. Осы уақыт ішінде оқушылар 43 миллион сапар жасаған.
Сондай-ақ, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы отбасыларға да жол жүру тегін.