Қарағанды облысының тұрғындары үшін Telegram-да sailau09 чат-боты іске қосылды, онда олар өздерінің сайлау учаскесінің мекенжайы мен нөмірін біле алады. Ақпарат ЖСН бойынша қолжетімді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Сайлаушылар тізімінде өзіңізді тексерудің бірнеше әдісі бар. Ол үшін sailau09.kz арнайы сайт жұмыс істейді және облыстың электрондық қызметтер порталында айдар қарастырылған. Мұнда әрбір пайдаланушы ЖСН немесе жеке куәлік нөмірі арқылы өз учаскесін таба алады. Сонымен қатар, барлық қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайттарында "Сайлаушылар тізімінде өзіңізді тексеріңіз!” қосымшасы қолжетімді.
Ақпаратты Senim109 Бірыңғай диспетчерлік қызметі де береді. Интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ адамдар 109 нөміріне қоңырау шала алады. Тек ЖСН айту қажет болады. Senim операторлары сайлау процедурасы бойынша жеке сұрақтарға жауап береді. Мысалы, басқа қалада, ауруханада, вахтада және т. б. қалай дауыс беру керектігін біле алады.
Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді.