BANNER

Тұзды суды тұщы етер

Ашық дереккөз

Антарктикада мекен ететін пингвиндер үнемі теңіздің суын ішсе де, қалай өздерін жақсы сезінетінін адамдар көпке дейін түсінбей жүрді. Себебі теңіз суының тұздылығы 3,5% - ға дейін жетеді.

Егер адамдар мұндай суды ішетін болса, бүйрек қызметінің, асқазан – ішек жолдарының бұзылуына әкеледі. Тұздардың (хлоридтер мен сульфаттар) көптігінен судың жасушаға сіңуі бұзылады да сусыздану болып, адам ісіне бастайды. Теңіз суын ұзақ мерзімді пайдалану өмірге қауіпті. Ал пингвиндер, шағалалар қалай үнемі тұзды су ішіп, өмір сүреді?

Иә, тек пингвиндер ғана емес, бірқазан, шағалалар да теңіз суын ішеді. Ғалымдар зерттей келе теңіздің тұзды суынан қорғап тұратын механизмді тапты. Олардың маңдай сүйегінде орналасқан арнайы көз безі бар. Ал тұзды суды үнемі тұтынбайтын құстарда аталмыш без дамымаған, қызметін дұрыс атқармайды. Тұзды безді алғаш болып Шмидт – Нильсен зерттеу жұмысы барысында ашқан.

Бұл без ағзадағы тұзды (натрий хлоридін) шығарып, сүзгі жасайды. Теңіз құстарының тұмсығында екі түтікше бар. Суды жұтпастан бұрын тұзды сұйықтық құстың тұмсығындағы тесіктен шығып, тамшылап сыртқа ағады. Бұл сұйықтықтың 5% - ы натрий хлоридінен тұрады. Яғни оның тұздылығы көз жасының, тіпті теңіз суының тұздылығынан бірнеше есе жоғары.

 

Ақерке АЯНҚЫЗЫ