Егер мұхит жағасында байлық іздеп жүрген адам көрсеңіз таңқалмаңыз. Иә, солай байлық іздеуді кәсіп еткен адамдар бар. Олар құны алтыннан да жоғары бағаланатын затты табу үшін әлем жағалауларын аралауға бар. Біз сөз етіп отырған зат – амбра. Амбра – әтір жасауға қолданылатын шикізат. Оның қайдан пайда болатыны қызық.
Амбра – кашалоттың ішегінде пайда болады. Ол асқазанда қорытылмаған кальмар мен ішегіндегі нәжісінің қосындысынан киттің бұралған артқы ішегінде қалыптасады.
Кашалоттың үлкен еркегінің ұзындығы – 20 метр, ал салмағы 50 тонна. Ол арықтап кетпеу үшін кальмарларды ұстауға мұхит түбіне бірнеше рет сүңгиді. Мұхиттың тұңғиық түбін мекен ететін үлкен кальмарларды кашалоттар ғана аулайды. Киттер күніне бір тоннадан тамақтану керек. 1993 жылы зоологтар Азор аралында өліп қалған 17 кашалоттың асқазанын зерттейді. Олардың асқазанынан 40 түрлі 29 мың кальмар табады. Киттің ас қорыту жолында кальмар қорытылып кетеді де, тұмсық тәріздес ауыз аппараты бөліктері, көз линзасы секілді қорытылмайтын бөлшетері қалады. Міне, осылардан амбра пайда болады.
Әуеліде амбра кит тамақтанған соң қорытылмаған ас қалдығын кекіріп, сыртқа шығарғаннан пайда болады деп айтып жүрді. Алайда 2006 жылы океанограф Роберт Кларк кекіргеннен емес, қалыпты физиологиялық процестің бұзылуынан тамақ қалдықтары ішекке түсетінін дәлелдеді. Бұл тікенек масса ішектен өткенде ішек қабырғаларын тітіркендіреді. Ішек бұлшықеттері оны әрі қарай итермелейді де, ол тығыздала береді. Ал массаның қуыстары нәжіске толып, тік ішекте кептеліс тудыратын кесек пайда болады. Осы «тығынға» нәжіс массалары жиналады, ас қорыту жолдары ішектің төменгі бөлігіндегі суды жұта бастайды. Содан қалдықтардан құралған кесек пен нәжіс қатайып, ойығы бар тегіс «тас шарға» айналады. Енді нәжіс осы кесек пен ішек қабырғаларының арасында қысылады. Кесекке тағы қабаттар қосылып, үлкейе береді. Мұндай асқорытудың бұзылуы барлық кашалотта болмайды, тек 1% -ында ғана кездеседі. Сол себепті амбра өте сирек кездесетін зат.
Амбра адам айтса наңғысыз көлемге дейін өсуі мүмкін. Ең үлкен амбра 1953 жылы өлтірілген кашалоттан табылады. Кларк бұл оқиғаны «Ұлы амбра аулау» деп атады. Кит аулайтын палубада 500 кг – дық зат ілініп тұрған фотосурет бар, яғни амбра соншалықты көлемге дейін ұлғайған. Кейде кит бұл «тығынды» сыртқа шығарып тастай алады. Алайда «тығын» ішекті бітеп тастайтындықтан киттің тік ішегі жарылып өлуі жиі кездеседі. Нәтижесінде масса мұхитта жүреді.
Тығыздығы судан сәл төмен қара қоймалжың масса мұхит ағысымен ағады. Амбраның кесегін циклон домалатып ағызады, күн сәулесі әсерінен мүжіледі, кейде құйынды ағындарға тап болады. Бөшкеде жылдар бойы жетілетін шарап секілді амбра да мұхитта жүзе – жүзе жетіледі. Ол тұзды судың әсерінен тотығады, күн сәулесінен кебеді, мүжіледі, толқындар оның ұсақ бөлшектерін шаяды. Солай жағаға толқын әкеліп тастағанша амбра біраз өзгерістерге ұшырайды. Сыртында қатты қыртыс қабат пайда болады да, түрі сұр тасқа ұқсап қалады. Ал іші кальмардың тұмсықтарының сүйектеріне толы қара дақ болады.
Ең бастысы, нәжістің иісі әлсіреп, оның орнына талғампаз темекі иісі, сандал ағашының, жердің балғын иісін еске түсіретін реңктерге бай күрделі иіске ие болады. Парфюмерлер амбраның өзіне тән иісі үшін және басқа иістерді өзіне сіңіріп, ұзақ ұстайтыны үшін, әрі адам терісінің үстінде иісті тез кетірмей, ұзақ сақтайтыны үшін өте жоғары бағалайды. Кейіннен амбраның иісіне ұқсас иісті синтетикалық жолмен жасап шығара бастады. Алайда, табиғат жасаған амбраның жұпарын дәлме дәл жасау мүмкін емес.
Ақерке АЯНҚЫЗЫ