BANNER

Отау құрардан бұрын толық медициналық тексерістен өту керек: Денсаулық сақтау министрлігі заңға жаңа өзгеріс енгізбек

.

Денсаулық сақтау министрлігі бедеулік анықталған отбасылар саны өскендіктен алдымен отау құрарда медициналық тексерістен өтуді ұсынды. Тек осыдан кейін ғана жастар АХАЖ бөлімінен неке куәлігін алады. Бұл туралы LIFE09 ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап хабарлайды. 

Мамандардың айтуынша, елде дертке шалдыққа балалар саны өскен. Мысалы, қатерлі ісікпен ауыратын балалар саны жыл сайын 10-15%-ға артады екен. Ал сал ауруымен ауыратын балалар 20 мың екен. Аутист балалардың саны соңғы 7 жылда 5 есеге өсіпті. 

"Қазір жастардың арасында төсек қатынасына түсу өте оңай. Контроцептива құралдары қол жетімді болғанымен, бұл туралы білмеуі мүмкін. Әрі жауапкершілік болмағандықтан көптеген аурулар тарап жатыр. Оның ішінде инфекциялық аурулар бар. Есірткі тұтынып, ішімдік ішкендіктен генетикалық дерттер саны да күрт өсті", – дейді дәрігер-инфекционист Мадияр Абдрасилов. 

Жастар мен балалар арасында түрлі дерт саны өскендіктен, денсаулық сақтау министрлігі үйленбес бұрын алдымен дәрігерге тексерілу туралы құжат әзірлеген. Егер қабылданса, үйленгісі келген жандар бірінші АХАЖ орталығына емес, тексерістен өтеді. 

"Профилактикалық тексерістен өтіп, қандай да бір ауытқулар бар ма, жоқ па анықталады. Некеге тұрмас бұрын түрлі дерттер мен ауытқуларды емдеп, дені сау отбасы құруды қамтамасыз етеді", – деді Аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шакизат Халықова. 

Дәрігерлердің сөзінше, сау ұрпақтың дүниеге келуі ананың денсаулығына байланысты. 

"Аналар мен болашақ әкелер де медициналық тексерістен өтсе, жақсы болар еді. Оның нәтижесі де керемет болады деп есептеймін", – деп мәлімдеді дәрігер-гинеколог Нұржамал Өтемұратова. 

Толық медициналық тексеріс өтуді заңгерлер де құптаған. 

"Еліміздің Конституциясына сәйкес міндетті медициналық тексерісті "Неке және отбасы туралы" заңға енгізу азаматтардың құқығын шектеу емес, олардың денсаулығын қамтамасыз ету болып есептеледі", – дейді заңгер Айыпхан Мұхамедиев.

Дегенмен депутаттар бұл ұсынысты қолдамады. Себебі тексерістен өтуді міндеттеу азаматтардың жеке басына қол сұғумен тең. 

"Меніңше, бұл – азаматтардың жеке басына, жеке өміріне ешкімнің қол сұғуына рұқсат берілмеу керек. Бұл заң дәрежесінде қарайтын дүние емес", – деді мәжілісмен Нұртай Сабильянов.