"Оқушының денесіне қол жүгіртіп, сүйген": Алматы облысындағы мектепте мұғалім азғындық жасады

.

Алматы облысында мұғалім 8 сынып оқушысына қырындап, құшақтап, сүйген. Бұл туралы LIFE09 ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жағымсыз оқиға Ават ауылындағы орта мектепте болған. 8-сынып оқушы, әдеттегідей сабақтан кейін воллейбол секциясына қалған, 53 жастағы мұғалім оны өз кабинетіне шақырып, есікті жауып опасыздық жасамақшы болған. Алайда оны сыныптастары дауыстап іздеген сәтте мұғалім "мұны екеумізден басқа ешкім білмесін" деп қызды шығарып жіберген. 

Анасының айтуынша, қызы аяқ астынан өзгеріп, тұйық болып кеткен. Қосымшаға да барғысы келмеді дейді. Оның себебін сұрағанда, бар шындықты естіп, есеңгіреп қалғанын айтады. Мұғалімді жақсы танитындықтан, алғашқыда сене алмаған.

"Қызым қазір далаға шықпайды, депрессияға ұшырап, сөйлеуден де қалды. Басында кішкентай бала дұрыс түсінбей, ойынан шығарған деген қауесет де тарады, алайда кейін ата-аналар маған неге ол әлі күнге дейін мектепте жүр деп хабарласа бастады", –дейді жәбірленушінің анасы.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектепте 13 жыл еңбек еткен. Жасы – 53-те.

"Педагогикалық әдеп комитетінде қарап бұл мәселені тек қана сөгіс жарияладық. Мұғалімді біздер шеттеткен жоқпыз, өйткені қазіргі уақытта ол денсаулығына байланысты жұмысқа келмей жүр. Еңбек кодексінің 58-бабы негізінде жоғары құзыретті органдардан акт болу керек, сол актінің негізінде ғана біздер әрекет ете аламыз", – дейді мектеп директоры.

Мектеп психологы зардап шеккен оқушымен жұмыс барысында қыздың бар шындықты айтқанын аңғарған. Жеткіншек бұған дейін тәрбие жөнінен де, оқу үлгірімі бойынша да тек жақсы жағынан көрінгенін айтады.

"Қызбен бірінші күні жұмыс істегенде өте ауыр жағдайда болды. Жылады, бала әбден ішінде сақтап депрессияға тап болған. Қазіргі жағдайы сәл де болса жақсарды. Қыз өте сыпайы. Балалар мұндай жағдай туралы өтірік айта алмайтынына сенімдімін. Ал мұғалімді біз барлығымыз бұрыннан танимыз, өз жұмысына ұқыпты кісі болатын, бұл жағдай бәрімізді таңғалдырды", – дейді мектеп психологы.

Бұл жағдайға қатысты полиция іс қозғаған.