BANNER

«ӘР ӨЛЕҢІ—ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ...»

.

Қасиетті кітаптарда адам баласының топырақтан жаралғаны һақында тектен-текке айтылмаған. Тарихтың небір өткелегінен өтіп, бүгінде homosapiens-ке айналған адамзат қауымдастығының айтулы бір өкілі Ақынның да поэтикалық болмыс-бітімі де сол жарық жалғанға шыр етіп түскен топырағынан бастау алады.

Поэзия — ұлт рухының шырқау биікке көтеріліп, шиыршық атқан тұсы! Басқа түк те емес! Ақын туған топырақтың адамзат туған топырақпен егіле, емірене табысар бір сәті ғана! Ғалым Жайлыбайдың  жыр кітаптары ақынның кіндік қаны тамған топырақтың киесі қандай, иесінің кім екенін дүниеге паш етіп танытатын осы заманғы поэзиясының озық бір дүниесі: «Белім шықпай жатқанда бесікте мен, Керуен соққан кездерден көшіпті өлең. Астанада, ақпанда, ақ боранда, Аппақ-аппақ түстерді кешіп келем. Ақпан әні, Астана, көшеңде кең, Ақ боранды аппақ нұр десем бе екен? Ел қондырған Есілдің жағасында, Есіл де, есіл, есіл жұрт десем бе екен? Барысқа да ұмтылар, бақанды алып, Қазақ деген — нар халық, атан халық. Ұтылмаса жарады, жұтылмаса — Жалмауыздың аузында жаһанданып?! Тиер жерге мың тиіп мына маңдай, Сыңар арман сыңсиды сыналанбай. Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін, Құстың әнін жырлаған Тұмағаңдай. Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын, Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың. Айтулы ағам Айтұлы секілденіп, Бәйтеректің басына бір шығайын. Айдындардай жағада кеме қашқан, Ортаймайын... көзімде — көне дастан. Қара өлеңнің қазанын қайнатайын, «Қара өткелде ақын жоқ менен асқан!» Қара өлеңнің қазаны қайнағасын, Астананың әз жұртын айналасың. Ақпан киіп кірер ем Ақ ордаға, Онда мені күтеді қай нағашым?.. Есіл жұртта тосайын арысымды, Есілге әкеп қосайын ағысымды. Ақ дүниеге сыйлайды ақын бақыт, Жақындатып кетейін ағысымды. Қоңсы қонғым келеді... қосұдай жыр, Тоңған шығар жолымды тосып Ай-нұр. Астанада, ақпанда, ақ боранда, Өлеңдетіп қояйын осылай бір....»

Ғалым жырларын  парақтаған сайын ерлікті – айқайға, идеаны — ұранға, жүректің лүпілін — өкпенің алқынысына жеңдірмейтін Ғалымға ғана тән һас шеберлікке тәнті боласың. Постмодернисттік ағымды бетке алған кейінгі толқын өлең техникасындағы өзгерістер оны миллиметр, сантиметрлеп қана алға оздырса, өлеңдегі адам рухының айлай-дүлей аласапыран сәттері оны бірнеше шақырымдарға шырқатып, шығандатып әкететінін осы ақынның шығармаларынан көруге болады.

Ғалым Жайлыбайдың "Тамакөшкен" атты поэмасын қолжазбасынан оқып шығып, көптен бері құлазыған көңілім орынына түскендей болды. Мұның алдында ""Киікқашқан", "Ақ сыйса","Қара орамалымен" тәнті еткен ақынның эпикалық қарымы ерен де, ересен бір арнаға түскені көрініп тұр. Х1Х ғасырда Ю.Лермонтовтың өзі :«Умчался век эпических поэм..." - деген-ді. ХХ ғасырда да бұл сөз өзінің өзектілігін жоймады. Заман өзгерді. Заманмен қоса өлең де, өре де өзгеруі керек-ті. ХХ1 ғасырдағы алапат ақпарат, саяси һәм көркем дүниетаным ағысының жылдамдығы Күн сәулесінің шапшаңдығынан бірде кем болып тұрған жоқ; тіпті, олардан да жылдам ба деймін; әрі--қысқа, әрі--нұсқа көркем дүние болмаса, интернеттегі көзі қарақты оқырманды поэзияның сиқырымен арбап ,өзіне магнитше тартып алуға екінің бірі, егіздің сыңарының ақындық қарым-қабілеті жете бермейді.

Жырдың болмыс-бітімі мен формасы да бөлек. Жырдан аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей боп төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі. Автор поэманың біраз жерінде өлеңді жиып қойып, қара сөзге көшіп кетеді. Ғалымның қара сөзіне арқау болған дүниені одан басқа шәйір, жамбасына салып жіберсе, 15-20 шумақтай өлеңге айналып кетер ме еді, қайтер еді? Оның түрі өлең болғанмен, түбі тақылдаған тақпақ , құлақты сарсылтқан ескі сарын, көңіл көншітпейтін көбік сөз болар еді...

Ақынның қасиетті өлеңге деген ілтифат-құрметі поэманың күллі жұлын-жүйесінен көзге ұрып, көрініп тұрады. Өзінің ақындық , азаматтық тағдыр-таланын Ұлы Мәртебелі Поэзияның басына байлаған адамға "шөп те--өлең, шөңге де өлең" емес екенін осы жыр тайға таңба басқандай ,көзге шұқып көрсетеді; Александр Блок айтқандай, Ақын деген --кілең жылтыр сөзді теріп, жылмағай ұйқаспен елдің миын ашытатын кәнігі кәсіпқой, классиктердің ел-жұртқа мөшһүр өлеңдерінен қайта-қайта вариция жасап, өлеңді тумай, --жансыз қуыршақтай қолдан жасайтын, қара басының гөй-гөйін күйіттеген қайдағы бір біреу емес, адамзат тарихында ерекше орыны бар, Құдайдың бір құбылысы болса керек-ті. Арғы, бергі дүниеде қызыл тілін безеп, өзеуреген өлеңшінің көп, айтпағы терең, астары мол, жан-дүниесі тылсым хикметке кенелген Ақынның саусақпен санарлықтай аз болатыны да содан.

Қазақтың, қайда жүрсе де, өлеңде де, өмірде де адастырмайтын Абай дейтін темірқазығы бар; қазақ жырындағы Абай дәстүрі--еуропалық өлең мәдениеті қалыптасқалы қашан; Мағжан, Қасымдармен қанаттанып, Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұмекен, Фариза, Төлегендермен кемеліне келген ұлттық жырымызға бүгін тағы бір тамаша туынды келіп қосылды.Оның тұла бойынан Абайдың иісі аңқып тұр...

Поэзия дегеніміз — Рух! «Жаныңды жан қала ма жан ұққанша, Зарымды жырға айтайын зарыққанша. Көктемді Көкше қырда билетейін, Қонғаның өлең шіркін анық болса. Арманның арғымағын төске өрлеткен, Өлеңім өзектегі өшкенді өпкен. Көгертіп кетті ме екен көңіліңді, Көкшеден көкжиекке көшкен көктем? Көңілім көктем туса көк тірепті, Оранған ормандарым отты лепті. Бұлдаумен жүрген кезде бұлалықты, Бір дәурен басымыздан өтті-кетті. Бір дәурен өтті-кетті мына бастан, Сыр ашып, сырнай тартып... сынамастан... Жырыма жыр қосады жылымық күн, Мұңыма мұң қосады мұнар аспан. Көңілдің көктем туса сенде алаңы. Сенделдім сергелден қып ен даланы. Көгіңнен көктем есіп көгердің бе, Керілген Көкше қырдың кермаралы? Бір әнді Біржанша айтып дүркіреген, Бұланды бұлтыменен бір түнеген. Көктемді Көкше қырдан көгертейін, Қонғаның анық болса, шіркін, өлең...».

«Жүректің соғысы — физиология, ал, жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі — эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз» - деген аузы дуалы Асқар Сүлейменовтың сөзі осындайда еске түседі екен. Мұқағалидың «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең тулайды қайшылықта...»-дейтіні содан. Біздің буын осыны өзіне Темірқазық етіп ұстана білді. Енді біздің соңымыздан келе жатқан жас өркен сол жұлдыздың жарығынан көз жазып қалмаса болды...

 

Ғалымның «Түрікменнің төрінде» атты жырларын тебіренбей, еміренбей оқи алмайсың. Түбі бір Түрікменнің Гүлрайхан атты ару қызын көрген ақын парсының Шаганэсін көрген Сергей Есенинше толғанады. Ақын ұлтының ғана емес, адамзаттың ұлылығы мен сұлулығының қызғыш құсына айналғанда кемеліне келеді. Қазақ оны басқалардан ерте сезініп, бұрын аңғарған. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»- деген. Ғалымның Түрікмен жырларын оқығанда махаббат пен ғадылет сезімге кенелген шайырдың шығармашылықтың шырқау шыңына жеткеніне көзің жетіп, көңілін қанығады: «Ташауызда талшыбықтай Гүлрайхан, Жан сырымды сізге деген, - кімге айтам? Тереңінде тербететін текті қыз, Жанарыма жарық силай кеттіңіз. Ізгіліктің ізіндейсің, Гүлрайхан, Үзілесің... үзілмейсің Гүлрайхан, Сені көрген бағым-- ерен, Гүлрайхан, Ташауызға тағы келем Гүлрайхан! Көңілі аппақ, дидары аппақ, тісі аппақ, Түрікменнің болашағын құшақтап, Талшыбықтай ырғаласың, Гүлрайхан, Бағы ашылар бір баласың, Гүлрайхан! Көйлегіңді кестелеген қай шебер, Қабақ шытсаң жұлдыз ағып, Ай сөнер? Ақ жүзіңнен арай көрдім Гүлрайхан, Топ ішінен қалай көрдім, Гүлрайхан? Уылжыдың, үлбіредің, Гүлрайхан, Жетер енді, бүлдіремін, Гүлрайхан! Сені көрген бағым-- ерен, Гүлрайхан, Ташауызға тағы келем, Гүлрайхан!»

 Қыз Жібек, Құртқа, Баян сұлулары бар қазақ жырының галереясына Ғалым Жайлыбай Түрікменнің Гүлрайханын алып келді. Қазақ жырының ырғағына ұқсай қоймайтын Мақтымқұлды әуеніне салып келді! Ұлтты да, жұртты да жаратқан —Құдай! Әрбір ұлт өзінің сұлулығымен, ұлылығымен-- ерен! Бір жұртты екінші бір жұрттың құлдануға қақысы жоқ. Бір-бірін сүю керек. Бір-бірінің қасіретіне күюі керек-ті. Жұмыр басты пенде ғана емес, іргелі мемлекеттер де сол Абай айтқан Алланың хикметін сезінетін заманға келіп тұр. Ғалым Жайлыбай Түрікмен жырларында осыны жеріне жеткізе жырлайды. Оның ақындық, азаматтық кредосының мықтылығы, міне, осында!

Ақынның паспорты — азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық — азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Арғы, бергі классикалық әдебиетке жүгірте көз салсаңыз ,адамзатты алаң ойға  салып, махаббат пен әділет сезімі төрткүл дүниені тебіренткен небір ірі-ірі тұлғалар алдыңыздан шығады. Гомер, Гете, Пушкин, Абай, Достаевский, Мағжан, Қасым, Габриел Гарсия Маркес, Мұқағали... Қуқарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса — күйкілігі көрініп қалады...

Қазақтың тағдыр- таланы — Ғалым жырының алтын өзегі, міне,-- осы: «Айдарынан жел еспей кекілдінің, Еңку шалды еңіске екінді күн. «Протонның» уынан енесі өлген – Көлеңкеде жылайды жетім құлын. Тамылжыса таң нұры кие көрген, Бір-біріне, қос мұңлық, сүйенер ме ең? Жетім құлым иесі – жесір әйел, - Өз-өзіне қол жұмсап, күйеуі өлген. Үміт жібі үзілсе – үгілер ең, Ғұмыр оның баспандай жүгіменен. Жетім құлын қаңғиды әр аулада, Жесір әйел жылайды түніменен. Жалғыз жіпке байлаған – Тағдыр ұлы; Зымыранның зымыстан жаңғырығы. Жетім құлын жетіліп кетер болса, Сойып алмақ соғымға арғы жылы. Замананың соққанда жегі желі, Босағаның бос қалған желілері. Серілері ауылдың не біледі? Осы сұрақ жанымды кеміреді. Сағыныштың сазындай – саған, далам. Хабар жетіп жатады әр арнадан. Көлеңкеде көз жасын көлдетіп тұр – Жетім құлын-- кекілі таралмаған. Шаңырақ бұл – індетке ірге түрген, Үзілердей жетеді күнге түннен – Құлыныңды қаңғытпай қамасаңшы... – Кінә іздейді ағайын кіл жетімнен. Аман шығу ақ таңға бас амалы, Оғы тиген тағдырдың тасадағы. ...Жесір әйел сипаса маңдайынан, Жетім құлын көзінен жас ағады. Беу, қос мұңлық, жолыңда сортаң із көп, Қай қиырға тұрады тартамыз деп, Кезек-кезек көз жасын сығады да, Тірлігіне кетеді талқан іздеп. Қайран ауыл, құшағын жайған Ана, Алладан нұр күтеді айдалада. Жетім құлын жетіліп – тарлан ашып, Арғымаққа білмеймін, айнала ма? ...Еңку шалса  еңіске екінді күн, Шемен күйін шертеді шетін мұңын. Күн керуен соңында соры қайнаған – Жесір әйел, жегі жел, жетім құлын...»

Поэзия деген — адам рухының  маңдайдағы пешенені тәрк қылып, Алла Тағаланы бетке алып, атойлаған бір сәті! Қазақтың қара өлеңі – қазақтың халық әніндей! Әлімсақтан осылай болған, осылай бола береді! Мұқағали дүниеден қайтқан бетте оның жырлары неге әнге айналып кетті?! Бұл оның жырларындағы халықтық, ұлттық қасиеттің молдығынан еді. Ең ұлы Ақын —Халық! Мына дүниедегі ұлыс, ұлт, халық атаулы бірі-бірінен қалайша бөлек, ерек, біртуар болса, бір-біріне солайша етене, егіз қозыдай ұқсас келеді. Орыстың ұлы ақындары Пушкин, Есенин, Пастернак, Евтушенколардың өлеңдері әнге айналып кеткелі қашан? Оларды оқығанда құлағыңа сыңсыған орыс орманының орасан шексіздігі мен запыран зар мұңы, күңіренген күрсінісі құлаққа шалынып, өзекті өртейді. Біздің Ғалым Жайлыбайдың жырлары да осылармен рухтас, одан қазақ даласының дара кескін-келбеті, қазақ халқының ұзаққа созылған қайғы-қасіреті айқұлақтана  көрініп, жусан, жуалы жасыл жайлауының исі аңқиды!. «Жүйткісін жүйрік жырым Құлагердей, Көнерген көңілім бар құба белдей. Кешеден бүгінгіге жеткен өлең — Қаз мойын қасиетті құрама ердей. Шабыттың шалқып жанған шырағы өлмей, Білгенге біздің ғұмыр — бір әлемдей. Несіне жыр қыласың деп ойлама, Тұңшыққан тұғырласым, -- тұма көрмей...Сызылтып сыр айтайын мұрагердей, Сөзімнің арасынан сына бермей. Құла дүз құзғын қонар құзға айналса, Құлагер қайтеді енді-- құлап өлмей?!»

Қазақ жырының саңқылдаған сұңқары Сәкеннің  Сарыарқаның Жаңаарқасында дүниеге келген Ғалым Жайлыбай қазақ өлеңіндегі «Кел, кедей, басың қос жалшымен,Байларды қойдай қу қамшымен»-дейтін қара дүрсін сарынды төрден  қамшылап қуып шыққан қаракөктердің қатарын түзейді. Біз «совет әдебиеті--социалистік реализм» дейтін елден келгенбіз... Қазақстан Жазушылар одағының Коммунистер даңғылы, 105 үйдегі ғимаратының есігінен ентігімізді баса алмай кіргенде, осындай өлеңсымақтар төбемізде ойран салып жүрген... Қайран Қасым жалғыз  өзі жағасынан алып, кейін Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежан, Фаризалар біраз сілкілеген бұл сілімтіктің сілікпесін шығарған осы Ғалымдар еді! Маралтай, Дәурен, Жарас, Бақытжан Алдиярларға қанатын қомдап, қияға самғау оңайлау болды. Бізге қиын болған...

Қазаққа Тәңірі мына дүниедегі игіліктің бәрін берген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр аймақтың асты да—алтын, үсті де—алтын. Онда ғұмыр кешкен Алтын Киімді Ханзадалардың атының ер-тұрман, жүгеніне дейін алтынға апталып, күміске күптелген. Бұл—Адам-Ата -Һауа Ана жаралғалы бір-бірімен алтын үшін арбасып, неше түрлі қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсілінің өңі түгілі түсіне де кірмейтін дүние. «Аз сөз—алтын, көп сөз—көмір» деп, ауызынан шыққан лебізінің өзін саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. «Өлең--сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай). Содан болар, қазақтың мандайына Құдай Тағала жазған ырыс-құттың ішіндегі ең кереметі—қара өлеңі. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үсті, қай түйенің қомында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғаны біз әлі білмейміз. Белгілісі—VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңбаланған Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсіп Баласұғынның «Құтадғу білігі» .Бұлар біздің елдің жан-жүйесін тебірентіп, ет жүрегін елжіретіп жатқанда бүкіл Еуропада мұндай шаһқар (шедевр) туындылар мен озық үлгілер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз. Одан Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилар шығады.Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төріне шығу түгілі, босағасынан сығалаудың өзі жұмыр басты пендеге қиямет қайыммен пара-пар дүние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келумен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы Ұлы Мәртебелі Поэзиясына келу—жер бауырлаған пенде баласының соның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарышқа көтерілгеніне ұқсас құбылыс болады! Әсіресе, дәстүрі берік, тарихы терең, тұлғалары бірінен-бірі өткен ірі, ұлттық бояуы мың құбылып, көзді арбап, көңілді алаң етіп, көкіректі көл-гесір сезімге бөлейтін қазақ жырының қақпасын айқара ашудың азабы, тіпті, бөлек.

Ғалымның қай өлеңін оқысаң да халық әнін естіп, соның әуеніне елтіп отырғандай күй кешесің. Әр өлеңі халық әніндей қарапайым, табиғи, жатық.

Ғалым — Қасым жырымен қанаттанған қазақ поэзиясының ХХ ғасырдың 60 жылдардағы асқақ буынның дәстүрін мықтап ұстанған ақын. Оның тұла бойына Тұманбайдың сыршыл нәзік лиризмі мен Қадырдың биік интелектісі, Жұмекеңнің терең философиясы мен Өтежанның кең эпикалық сарыны, Мұқағалидың асқақ пафосы тоқайласа тоғысқан-ды.

Қазір қазақ жырында қара жолда туғандар мен тас жолда туғандардың ара жігі ашылып, ақ пен қарадай, бір-бірінен ажырап, алшақтап барады. Дүниеге жалмауыздай қасқая қарап тұрған жаһандану кезеңі қазақ руханиятына қара пәледей бас салғалы тұр. Кейінгі буында азаматтық лирикадан ат-тонын ала қашып, біздің ұлтқа ,мүлде, жат абстракциялы дүниенің аламанына ат қосып, сөзбен ойнау ойыны басталып кетті. Қазақтың мақсат-мүдесі далада қалды! Қазақ өркениет өріне жетіп, адамзат қауымдастығы ортасынан ойып орын ала ма, жоқ, әлде, Ібір-Сібір жұрттары сынды адамзаттың жадынан із-түзсіз құрып кете ме деген қатал сауал алдымыздан адырая қарап тұр. Қазақ жыры, қазақ әдебиеті осынау алмағайып заманда осы сұраққа жауап беруге тиіс-ті. Оның тарихи миссиясы — осы! Осы ғана! Ғалым Жайлыбайдың творчествосы сол сауалдың бір жауабы, қазақтың бүгін көркем ойлау жүйесінің шоқтығы биік бір үлгісі.

Біздің Ғалым шыққанда, дара өнері,

Алаш оған сонда жалт қарап еді;

Әлемнің бір секілді құбылысы,

Әр өлеңі—

Қазақтың қара өлеңі!

Атыраудан — Алтайдың шетін көріп,

Жырларының ырғағы не түрге еніп:

Сөзін жазған халықтың өлеңінің,

Әнін жазған Нұрғиса секілденіп!

...Ғаламзаттан қазақтың дара өнері,--

Қара өлеңге Алла жалт қарап еді.

Қара тақпақ өр жаққа өзеуресе,

Обал,

Сауап,

Ар- Ұят...

Бәрі өледі!