Қазіргі таңдағы аптап ыстықта халық қолынан келетін барлық амалдарды жасап бағуда. Құрғақшылық қысқан кезде тасаттық беру рәсімі әлі де бар. Құдайдан жаңбыр тілеу үшін атқарылатын діни рәсім құрғақшылықтан құтқарады ма ?
Биылғы жазымыз жай келмей, аптап ыстығын ала келді. Күн ысып, жердің бәрі сарғайып бастады. Осы тұста, алыс-жақынды елді мекендер тасаттық ғұрпын жасауға көшті.
Бұл рәсім қалай және қай уақытта жасалады ?
Адамдар бұлақтың, өзеннің жағасына барып, құрбандық шалып, Алла тағаладан жаңбыр тілейді. Қазақ тіліне «тасаттық» сөзі Құраннан енген, яғни تَصَدُّق, «тасаддуқ» сөзі – Алла разылығы үшін қайыр, садақа беру мағынасын білдіреді. Тасаттық әдетте ашық аспан астында, өзен, көл немесе бұлақ басында орындалған. Құрбандыққа дені сау, күйі жақсы, арнайы дайындалған мал сойылған. Әдетте тасаттық мұсылмандар үшін қасиетті күн – жұмада орындалған. Демек, тасаттық беру Алла Тағаладан рақымшылық, медет сұрағанда жасалатын діни рәсім.
Халықпен бірге жасап келе жатқан дәстүр жайлы әдебиет үлгілерінде жиі кездеседі. Соның бірі ақын Дүкен Мәсімханұлының «Тасаттық» өлеңінде:
Құрбандық шалып, ас беріп,
Аллалап ауыл жылады.
Қан шашып жерге, жас төгіп,
Бір тамшы жаңбыр сұрады.
Лапылда, өртен, жалында,
Жоқ екен құлдың еш емі.
Түс қия төкті ауылға,
Алланың рақым нөсері, — делінген.
Тасаттық кезінде қандай намаз оқылады?
Тасаттық кезінде тек дұға, истиғфармен (кешірім тілеу) шектелсе де жеткілікті. Имам адамдармен бірге қала не ауылдың сыртына Алладан қорыққан, тіленген күйде шығады. Сол жерде жамағат болып намаз оқиды. Имам дауыстап оқиды. Шариғат бойынша истиқаны әлсіздермен, қарт-қариямен, балалармен бірге жасаған дұрыс.
Ғылым саласында жаңбырдың жаумау себебі мынада. Жаңбыр бұлттары ең аз дегенде 1200 метр биіктікте болады. Егер де үлкендігі мен салмағы жаңбыр тамшысындай бір зат мұндай биіктіктен құласа, жерге 558 км/сағ жылдамдықпен келіп түсер еді. Алайда, жаңбыр тамшыларының ерекше формасы бұған мұрсат бермейді.
Кейбір ғалымдардың тұжырымы бойынша, шөл далада жаңбыр астында құрғақ күйде қалуға болады. Шын мәнінде, шөлді жерде жаңбыр жауады, бірақ бұны байқау мүмкін емес. Себебі ыстық ауаның әсерінен жаңбыр тамшылары жерге жетпей құрғап кетеді. Бұл ақпараттың Қазақстанның да ыстық аймақтарына қатысы болуы мүмкін.