BANNER

Астанадағы ерекше сәулет ғимараттары 

Ашық дереккөз

«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы 

Елордамыздағы ерекше пішіндегі «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннесс рекордтар кітабына кірген. Елорданың ғажайып ғимараты сегіз жыл ішінде Астана символдарының біріне айналып үлгерді. 

«Хан Шатыр» – алып мөлдір шыныдан жасалған әлемдегі ең ірі шатыр. Елордада бой көтерген ғимарат қала күніне орай 2010 жылы 6 шілдеде ашылған. Британдық Foster&Partners фирмасы жобалаған нысанның металл қаңқасы – 2300 тонна, биіктігі 150 метрді құрайды. Ал жалпы ауданы – 127 мың шаршы метр. Бас мердігер –Түркияның Sembol Construction құрылыс серіктестігі. 

Норман Фостердің қиялынан шыққан сәулет туындысы – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі сауда-ойын-сауықты біріктірген елордадағы алғашқы орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді. Бұл туралы Forbes Style журналы жазды. 

Астананың Бас мешіті  

Астанадағы Бас мешіт сыйымдылығы бойынша әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енеді. 

Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан. 

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар. 

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни: подиум мен сахан аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасауға мүмкіндік бар. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни: ерлерге арналған орында 30 мың адам; әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады. 

«Нұр Әлем» сферасы 

«Нұр Әлем» сферасы туралы бүгінде әрбір қазақстандық пен көптеген шетелдіктер біледі. Себебі, ол «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ең танымал нысаны болды. «Нұр Әлемді» елорданың ғана емес, тұтас Қазақстанның жаңа символы деп атауға болады. 

Сфера ЭКСПО-2017 кешенінің дәл ортасында орналасқан. Шар тәрізді шыны ғимараттың диаметрі 80 метрді құраса, биіктігі 100 метрге жетеді. Жоба авторы, неміс сәулетшісі кіші Альберт Шпер «Нұр Әлемнің» «мұнайдың соңғы тамшысы» және барша адамзаттың болашақтың энергиясына өтетін дәуірі ретінде ойластырғанын айтқан еді. «Нұр Әлемге» саяхатты сегізінші қабаттан бастаған жөн. Бұл қабатта туристердің сүйікті орнына айналған шолу алаңы бар, ол жақтан қаланың таңғажайып көрінісін тамашалауға болады. Сондай-ақ, қонақтар мұнда шыныдан жасалған көпірмен жүре алады. Бұл мөлдір көпір бір уақытта 7 тоннаға дейінгі салмақты көтере алады. 

«Министрліктер үйі»  

Елорданың ең ұзын ғимараты саналатын Министрліктер үйі қаланың ажырамас бөлшегіне айналды. Ұзындығы 1,5 шақырым, жалпы аумағы 228 мың шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратсыз Нұр-Сұлтан қаласын елестету мүмкін емес. 20 блоктан тұратын ғимарат 8 қабатты, 10 қабатты биіктіктен тұрады. 2006 жылы ашылған. Бұл ауқымды нысан Үкімет, Сенат, Мәжіліс, Ақорда және алаң айналасындағы өзге де ғимараттармен бір кешенде ойластырылған және Бас жоспарға әкімшілік-тұрғын үй кешені ретінде енгізілген. 

«Абу-Даби Плаза» мұнарасы 

«Абу-Даби Плаза» құрылысы 2010 жылы басталды. Абу-Даби – елордада орналасқан көп функционалды кешен. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болып табылады. Ғимараттың биіктігі - 311 метр, ал қабаттар саны - 75. «Абу-Даби Плаза» кешенінің жалпы аумағы 550 мың шаршы метрді құрайды. Кешенде: қонақ үй, фитнес  залдар, кеңселер, пәтерлер, сауда орталығы, қысқы бақ сынды кешендер бар.

 

Ақерке Аянқызы