BANNER

Денис Теннің дүниеден өткеніне 5 жыл

.

Биыл Денис Теннің қаза тапқанына 5. 2018 жылы 19 шілдеде қапыда қаза тапқан талантты спортшының бейнесі мәңгі халық жүрегінде қалды. Әрі қазақ спорты үшін орны толмас қаза, ауыр трагедия болды. 25 жасында көз жұмған арыстай азаматтың аз ғана, аққан жұлдыздай жарқ етіп, жоқ болған қысқа ғұмырында көп мұра, естелік пен жетістік қалдырып кетті.

Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Тен – текті ұрпақтан тараған жан. Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен атақты генерал Мин Гын-Хо әскербасының шөбересі. Атасы 1962 жылы Корея Республикасының "Мемлекет құруға үлес қосқан жан" орденімен марапатталған.

Коньки тебуді Денис бала кезден бастаған. Бірақ ол тұста жылы Алматыда мәнерлеп сырғанауға, жаттығуға арналған спорт алаңы мен орындары бола қоймады. Қыста әйтеуір, Медеу бар. Ал жазда оқушы Денис сауда орталығында барып, сондағы шағын мұз айдынында жаттығады екен. Бала конькимен секіріп үйренуі үшін әкесі аяқ киімнің табанына пластик бөтелкені ойып, ұлтарақ жасап береді екен.

10 жасында Омбы қаласындағы турнирге қатысып, көптің көзіне түседі. Жаттықтырушылар оны Мәскеуге шақырады. Содан 2000 жылдардың басында Теннің жанұясы Мәскеуге көшіп, баласы сонда жүріп жаттығады.

Денис Тенді отбасында бетінен қақпай өсірген. Соның арқасында жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге теннис, акробатика, таэквондо, каратэ үйірмелеріне барған және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептерінде де білім алған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда ән салған.

Денис Тен – Қазақстандағы ең бірінші әлемдік додаға қатысқан мәнерлеп сырғанаушы. 2013, 2014, 2015 жылдары Астана және Алматы қалаларында Қазақстанда ең алғаш рет мұз үстінде сырғанаудан шоу ұйымдастырған.

Ең алғашқы жетістігі – 2006 жылы Қазақстан чемпионатында бірінші орын алып, чемпион атануы еді. Он үш жасында Голландияда Гран-При алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондық қатарына кірді. Бұл – ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.

Ол 2009 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, үздік он мәнерлеп сырғанаушының қатарына енді. Әрі Қазақстанға Ванкувер Олимпиадасына қос бірдей жолдама алып берді. 2010 жылғы Олимпиадада ең жас қатысушы болғанына қарамастан, 11-ші орыннан көрінді.

2014 жылы Сочидегі қысқа Олимпиаданың қола медалін, 2013 жылы Әлем чемпионатының күміс, 2015 жылы – қола жүлдесін, 2015 жылы құрлықаралық чемпионатта алтын жүлдені, 2017 жылғы Универсиада мен 2011 жылғы Азия ойындарының алтынын алды.

Әсіресе, Сочи Олимпиадасында алған қоласы Қазақстан үшін зор жетістік болды. Сол жолғы Қысқы Олимпиададан орын алған жалғыз спортшы. Ешкім оны Олимпиада жүлдегері болады деп ойламады. Басында 9-орында тұрған Тен бүкіл қысым мен ауыртпалықты жеңіп, бір-ақ сәтте 3-орынға көтерілді. Бәрі батылдығы мен ішкі психологиялық дайындығының мықтылығынан еді.

 

2018 жылдың қарашасында Алматыда спортшы Денис Теннің туып-өскен үйіне орнатылған мемориалды тақта ашылды. Бұл іс-шараға КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Татьяна Тарасова, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Денис Теннің ата-анасы мен әріптес-достары, Алматы тұрғындары қатысты.