BANNER

Секіретін жеміс

.

  Елестетіп көріңізші, алақаныңызда бір уыс қоңыр – жасыл бұршақтар жатыр. Көлемі 7 – 10мм болатын бұршақтарға кенеттен жан бітіп, секіре бастайды. Қызық әрі қорқынышты, ә?! Бұршақтардың бұлай секіруінің себебі неде? Бар мәселе – бұршақ ішіндегі жапырақ ширатқыш көбелектің құрты.

  Осы қозғалатын қабілетіне орай, бұл бұршақтар «мексикандық секіргіш бұршақтар» деген атқа ие болған. Көктемде Sebastiania бұтасы гүлдегенде, оған көбелек жұмыртқа салып кетеді. Гүлдің орнына жас жеміс пайда болғанда жұмыртқадан басы қоңыр сарғыш құрттар шығады. Құрттар жас, жұмсақ жемістің ішін кеміріп, өсе береді. Жаңбыр маусымы аяқталған соң маусым – шілде айларында себастьяндық жемістер әбден пісіп, құрғайды. Құрғап қалған жемістер жерге құлайды да, 3 бөлікке жарылады. Әр бөліктің ішінде не тұқым, не құрт болады. Міне осы кезде ішінде құрты бар бөлігі секіріп, қозғала бастайды. Ішінде тұқымы бар бөлікті шайқаса, сылдырмақ секілді дауыс шығады. Ал құрты бар бөлігінде - тыныштық.

  Құрттар неге бұршақтарды секіртеді? Бұл бұтақ Мексиканың тасты шөлдерінде өседі. Онда түнде температура 0 градус болса, күндіз 56 градусқа дейін көтеріледі. Құрты бар жеміс жанып тұрған күннің астында қалып, жемістің қабырғалары қыза бастайды. Бұл жағдайда құрттар да қызып, сусыздану болады да өлім қаупі төнеді. Сондықтан «бұршақ» ішіндегі құрт белсенді түрде қозғалып, оны секірте бастайды. Олардың қозғалысы баяу болғанымен, әйтеуір бір уақытта жапырақ астында қалады немесе ағаш көлеңкесіне түсіп, салқындайды.

  Осылайша құрт жемістің ішінде 6 – 8 ай бойы қозғалыста болады да, кейін тынышталады. Цидия жеміс ішінде жібек піллә тоқып, қуыршақ жасайды. Қуыршақ болғанға дейін «болашағын ойлаған» құрт жемістің қабырғасын дөп – дөңгелек етіп тесіп қояды. Ашылып кетпей ұстап тұру үшін жұқа етіп, кішкене жерін кеспей қалдырып қояды. Ақпан айында сұр – қоңыр көбелек «есікті» итеріп, сыртқа ұшып шығады. Үлкен жәндіктер бірнеше күн ғана өмір сүреді.

  Алақанның ыстығынан секіре бастайтын «бұршақтар» мексикандық балалардың дәстүрлі ойынына айналған. Кейін секіргіш «бұршақтар» әлемге танылып, табысты кәсіпке айналды. Интернет арқылы оны әлемнің кез – келген бұрышына алғызуға болады. Жылына бірнеше миллион «бұршақ» экспортталады.