BANNER

Уақыт неге тез өтуде?

ашық дереккөз

2020 жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқаны анықталған болатын.

Біле білсеңіз, әлемде жердің айналуын зерттеумен айналысатын Халықаралық Жер қозғалысы қызметі (IERS)  бар. Міне, осы мекеме 2020 жылы біздің Жер ғаламшарымыз өз айналуына сәл-пәл қарқын қосқанын мәлімдеген болатын. Жердің жылдамдығының артуының салдарынан жер бетіндегі күндізгі уақыт 0,5 секундқа қысқара түсті. Ғалымдар жер қозғалысын бақылауда ұстап отырған уақыт аумағында мұндай тосындықтың бұрын-соңды болмағанын айтып, өздері де мұны таңырқай қабылдады.

Сонымен Жердің өз осінен айналу уақыты – 24 сағат, яғни бір тәулік екендігі әмбеге аян ақиқат. Толық айналу уақыты тең бөліктерге, яғни сағатқа, минутқа және секундқа бөлінген. Ғалымдардың есептеуінше және жалпы математикалық логикаға сүйенсек, бір тәулікте нақты 86 400 секунд бар. Алайда, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын дәлдігі аса жоғары атом сағаты ойлап табылды, және оның Жердің жылдамдығына қатысты ашқан жаңалығы ғалымдарды таңқалдырмай қоймады. Сөйтсек, Жердің өз осінде қозғалу жылдамдығының нақты бір тұрақты уақыты жоқ. Егер астрология ғылымын зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, жер барған сайын күнді тезірек айналып келеді, ал өз осінен айналу жылдамдығы керісінше баяулап кеткен болатын. Осыдан 440 миллион жыл бұрын жердің күнді бір мәрте айналып шығуына бақандай 412 күн кететін болған. Яғни біздің қазіргі жылсанауымызға салып салыстырар болсақ, бұл бір жылда 412 күн болды деген сөз. Содан кейін ше? Осыдан 370 миллион жыл бұрын жер күнді 398 күнде айналған. Егер жер мен айдың арасындағы қашықтықтың қысқармағанын ескерсек, ендеше бұл жердің күнді айналу жылдамдығының артып келе жатқанын аңғартатын ақиқат. Осылайша, қысқара келе, біздің алдымыздағы 65 милилион жыл бұрын жердің қарқын қосқаны соншалық, күнді айналуға жұмсалатын уақыт үш жүз жетпіс алты күнге дейін қысқарды.

Ал қазір енді жердің күн жүйесін қанша уақытта айналатынын өздеріңіз де білесіздер. Бір жылда 365 күн бар деп есептеледі. Ал шынтуайтына келгенде, жердің күнді айналу уақыты 365,25 күнді құрайды. Нақтырақ айтар болсақ, 365 тәулік 5 сағат, 48 минут және 46 секунд шамасы. Міне, 365 тәулікке сыймайтын сағаттар, минуттар мен секундтар жинақтала келе, төрт жыл сайын бір күнді құрайды. Яғни әр жыл сайын 365 тәуліктен артылып отырған сағаттар, минуттар және секундтар жинақталып, адамзаттың жылнамалық күнтізбесінде 29 ақпан болып белгіленген. Үш жылда артылып қалған қалдықтар есебінен жердің күнді айналу уақытының дәлдігіне қатысты жіберілген «қателік» осылайша, төртінші жылы кібісе жылының есебінен түзетіледі деп айтуға болады. Айтпақшы, біздің қазіргі қолданыстағы жылнамамыздағы 365 тәулік пен кібісе жылы тұңғыш рет юлиан күнтізбесінде пайда болған.

Алайда, 2020 жыл ғалымдардың есептеулеріне күтпеген жерден өзгеріс енгізген жыл болды. Жердің өз осінде айналу жылдамдығының артқанына дәлел – 2020 жылдың 19 шілдесі әдеттегі тәуліктік мерзімнен 1,4602 миллисекундқа қысқарақ аяқталған.  Айта кетуіміз керек, атом сағаты ойлап табылған уақыттан бастап жер бетіндегі уақыт миллисекундпен өлшене бастады. Ал желтоқсан айында күннің тәуліктік мерзімінің қысқаруы тағы байқалады, осылайша, олардың жиынтығында 2020 жыл әдеттегі стандартты жылдарға қарағанда 3 минут шамасында қысқа болған.