BANNER

"Екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейді": Тоқаев отбасылық зорлық-зомбылық туралы айтты

.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне көлемді сұхбат берді. Онда ол елдегі отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі туралы сұраққа жауап беріп, елде әзірленіп жатқан және қабылданған заңдар туралы айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

"Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді", - деді Президент.

Сондай-ақ, былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қаралғанын еске салды.

"Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, президент мәжілістің бір топ депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Ал петиция туралы заң күшіне енгені туралы айтқан пікірінде презизент елде "заң мен тәртіп" қағидатының орныға түскенін қалайтынын мәлімдеді.

"Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек", - деді ол.

Тоқаев заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет екенін айтты. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.