Ақтөбеде кәмелетке толмаған жасөспірімдер төбелесіп, екі бала қаза болды, - деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Оқиға 2 қаңтарда болған. Сағат 00:10 шамасында "102" пультіне Ақтөбе қаласы Қызылжар ауылында орналасқан "Алмаз" дүкенінің жанында жаппай төбелес болып жатқандығы туралы хабарлама түсті.
"Оқиға орнына полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен облыс прокуратурасының басшылығы шықты. Бұл дерек бойынша ҚК-тің 99-бабының 2-бөлігінің ҚК-тің 1, 9, 14-тармақтарымен қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала деректерге сәйкес, 2 қаңтарда "Instagram" желісінде кәмелетке толмағандар А және В арасында жанжал туындап, салдарынан кәмелетке толмаған В келесі күні "Алмаз" дүкенінің жанында кездесуді ұсынған", - делінген хабарламада.
2 қаңтарда сағат 23:00 шамасында топтық төбелес барасында кәмелетке толмағандар А және С пышақ жарақаттарын алған.
Салдарынан Ақтөбе ЖМЖА-да алған жарақатынан есін жимай екі кәмелетке толмаған бала қаза болған. Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды. Тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауға алды.
"Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды, кісі өлтіру дерегі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет жарияланбайды", - делінген хабарламада.