BANNER

Белгілі журналист және этнограф Төрехан Майбас мерейтойын атап өтуде

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚР құрметті журналисі, облыстың Құрметті азаматы, ақын және жазушы, өлкетанушы Төрехан Майбасты 70 жылдығымен құттықтады.

– Біз сізді мерейтойыңызбен құттықтаймыз. Сіздің журналистика мен әдебиеттің дамуына қосқан үлесіңіз баға жетпес. Сіз 20-дан астам кітаптың авторысыз, талай жас журналистерді тәрбиеледіңіз. Сіздің барлық наградаларыңыз лайықты, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сізге зор денсаулық, сарқылмас қуат пен амандық тілеймін.

Төрехан Майбас Байсейіт би, батырлар Сенкібай, Ағыбай, Жалаңтөстің өмірбаяны мен тарихи фактілерді зерттеумен айналысты. 50-ге жуық ғылыми-көпшілік, этнографиялық және тарихи еңбектердің авторы.

Төрехан Майбас қазір зейнеткерлік демалыста, бірақ өз оқырмандарын авторлық жинақтармен қуантуды жалғастыруда.

– Мен өз өмірімді журналистикаға арнағаныма қуаныштымын, үнемі өз материалдарымда өткір әлеуметтік мәселелерді көтердім. Еліміздің әрбір азаматы мемлекет пен халықтың игілігі үшін қызмет етуі тиіс деп санаймын. Өз Отанын, отандастарын шын жүректен сүю – бұл өз жұмысын сапалы орындау, жаныңды салып еңбек ету, – деп атап өтті мерейтой иесі. – Маған көңіл бөлгендеріңіз үшін және құттықтауларыңыз үшін рақмет!

Төрехан Майбас 1980 жылы ҚарМУ филология факультетін бітірген. "Ақадыр таңы – Ағадырская новь" газетінің редакторы болып жұмыс істеді, көп жылдар бойы "Орталық Қазақстан" газетінде еңбек етті. "ҚазАқпарат" баспасының директоры және Қарағанды облысындағы "Жас Қазақ" республикалық апталығының корреспонденті болды. ҚР Мәдениет Министрлігінің "Мәдениет қайраткері" сыйлығының лауреаты.