Елімізде төрт мыңға жуық азамат донорлық ағзаға кезекте тұр. Негізінен оларға бүйрек пен бауырды ауыстыру қажет. Өткен жылы 360 адам өз кезегіне жетпей, аурудан көз жұмды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Трансплантолог дәрігерлер тоғыз қазақстандықтың өмірін сақтап қалды. Оларға Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы қайтыс болған екі адамның ағзалары ауыстырылды.
Марина Ибраева 14 жылдан бері ағза кезегінде тұр. Оған бүйрек ауыстыру керек. Әйел аурудың салдарынан түрлі қиындықтарға тап болып, әрдайым дәрі-дәрмекті қажет етеді.
“Қазіргі таңда диализ алатын науқастарға дәрумендер берілмейді. Сонымен қатар тамақ ақырындап алынып, оның орнына фаст-фуд өнімдері келді, бұл диализ қабылдайтын науқастар үшін қиын. Олардың тасымалдау мәселесі де шешілген жоқ”, – деді Екібастұз қаласының тұрғыны Марина Ибраева.
Павлодар облысында 187 адам кезекте тұр. Ал Қазақстан бойынша 4 мыңға жуық науқас бар. Олар өз өмірін сақтап қалу үшін қайтыс болған жандардың ағзасына үміттенеді.
Жаңа жыл түнінде 9 қазақстандыққа донор табылып, ота жасалды. 40 жастағы марқұмның мүшелерін беруге оның туыстары келіскен. Екі науқасқа бүйрек ауыстырылып, ауыр халде болған 15 жасар бала аман қалды.
“Өзіңіздің келісіміңізді немесе қарсы екеніңізді білдіру үшін Egov парақшасындағы "Денсаулық сақтау министрлігі" бөліміне өтіп, рұқсатыңызды бере аласыз, сонымен қатар ресми тіркеуден өтетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығына хабарласа аласыз”, – деді Павлодар облысының трансплантология жөніндегі аймақтық үйлестірушісі Дмитрий Потеребух.
Дәрігерлер бұдан қорқудың қажеті жоқ дейді. Себебі тек қайтыс болған адамдардың ағзалары трансплантацияланады.
“Өкініштісі, жазатайым оқиға, инсульт, түрлісі болады, не болатыны белгісіз, ешкім сақтандырылмаған. Сондай жағдай кенет орын алғанда, кем дегенде бес адамның өмірін сақтап қалу үшін "Иә" деп айтқан дұрыс”, – деді Потеребух.
Өз ағаларын беруге рұқсат беруден қорқатындардың кесірінен Қазақстанда трансплантология дамымай жатыр. Елде донор тапшылығы бар.
Бұған дейін Қазақстандықтар көзі тірісінде донор болудан бас тартпаса, қайтыс болған соң органдары автоматты түрде алынуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ елімізде жүрек донорын күткен науқастардың 70%-ы кезегі жетпей өмірден өтеді екен.