Қазақстанда 1Win онлайн-казиносына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда, онлайн-казино сайты бұғатталып, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланған, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Қаржы мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген "1WIN" онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандастарымызға тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді”, – делінген сейсенбіде тараған ақпаратта.
Агенттік 2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгені құрағанын баса айтады.
“Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды, сондай-ақ "Mercedes-Maybach S500" және "Lamborghini Huracan" автокөліктері тәркіленді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды”, – деп қосты агенттік.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде 25 жасқа толмағандардың құмар ойын ойнауына тыйым салу ұсынылған. Қазақстанда 350 мыңнан астам қазақстандық азамат құмар ойындарға тәуелді екенін айтқан депутаттар лудоманияға қарсы тұру әдістері мен букмекерлік кеңселердің қызметін реттеу жолдарын айтқан.