Денсаулық сақтау вице-министрі - мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қарағанды облысында «Спутник V» вакцинасын шығару зауытына қатысты сұраққа жауап берді.
«Бұл зауыт бастапқыда дәрі-дәрмек өндірді, яғни вакцина шығармады. Коронавирус кеңінен таралған кезеңде «Спутник V» вакцинасын шығару үшін өндірістік база қажет болғанын ескере отырып, зауыт осы вакцинаның жеке партияларын шығару үшін пайдаланылды. Вакцина өндірісі аяқталғаннан кейін, бұл зауыт қалыпты жұмысына қайта оралды. Ол елімізге қажет дәрі-дәрмекті шығарып жатыр», - деді А. Есмағамбетова Сенаттағы баспасөз мәслихатында.