"Балаларды Африка елдеріне берген жоқпыз": Сыртқы істер министрлігі депутаттың сөзін жоққа шығарды,-деп хабарлайды "Life09" stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Африка елдерінің қазақстандық балаларды асырап алуы туралы ақпаратқа сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін сенатор Дархан Қыдырәлі Африка елдері жүзден астам қазақ баласын асырап алғанын және шетелдіктер асырап алған балалар туралы мәлімет жоқ екенін айтқан еді. Алайда сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Мен де "қазақ балаларын бірнеше экзотикалық елдерге алып кетті" деген ақпаратты оқыдым. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені бізде 1990-2000 жылдары балаларды тек Батыс елдерінің өкілдеріне беретін талап болған. Батыс елдерінің азаматтары сол елдерде дипломат болып жұмыс істеген кездері асырап алған болуы мүмкін. Ондай елдерге (Африка елдеріне) біз балаларды бермейміз", - деді ол.
Сондай-ақ Смадияров шетел азаматтары асырап алған бала 18 жасқа дейін Қазақстан Республикасының азаматы болып қала беретінін айтты. Оны шетелдегі консулдар арнайы бағдарлама бойынша бақылап, көмектесіп жүреді.
“Бірақ 18 жасқа толғаннан кейін ол бала қай елдің азаматтығын алатынын өзі шешеді. 18 жасқа толғанға дейін сол елдің азаматтығын алса, біз өз шешімі болғаннан кейін еш әрекет жасай алмаймыз. Бірақ ол жасқа дейін асырап алған ата-аналар консулға есеп беріп тұруы керек”, – деп түсіндірді Айбек Смадияров.
Ресми өкіл "шетелдіктер асырап алған балалар туралы ақпарат жоқ" деген де шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
“Барлық бала бойынша ақпараттарды жинап отырамыз. Әрине, кейбір кезде бір мекенжайдан басқа мекенжайға көшіп кетіп, ақпарат болмай қалуы мүмкін. Қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 1993 бала консулдық есепте тұр”, - деді Смадияров.
Бұған дейін журналист Жанар Байсемізова қазақ балаларының шетелге 50 мың долларға сатылғанын айтқан еді.