Қазақ руханиятында өзіндік орны бар белгілі журналист, шежіреші, этнограф-жазушы, өлкетанушы Төрехан Майбастың 70 жылдық мерейтойы аясында Алматы қаласының «Алгорифм» баспасынан 500 данамен жарыққа шыққан «Алжыған ғасыр» кітабының тұсаукесері өтті.
Кітаптың лентасын Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков пен ақындар Жұмағали Қоғабай және Қайырбек Сәдуәқасов қиды.
Кештің шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев ашты. Ол басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакеновтың құттықтау хатын жеткізді.
– Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Терең пайым, толғаныс пен ішкі сезім арпалысына толы, ұлттық қанықбояумен суарылған, шежірелік аңыздар, дүниетаным иірімдері қанық еңбектеріңіз рухани әлем әдебиеттің нағыз жанашыры екендігіңізді танытты. Лайым қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, қалам сертін қалтқысыз атқара беруіңізге тілектеспіз, – делінген құттықтау хатта.
Сонымен бірге шара аясында Т.Ә. Майбастың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жазушы кешке қатысқан қонақтарға кітабын сыйға тартты.