BANNER

Бұқар жырау ауданындағы жарылыс: Тұрғын үй неліктен орталық жылу жүйесіне қосылмаған?

Сурет: Қарағанды облысы ТЖД

Бүгін түнде Бұқар жырау ауданының Ботақара кентіндегі тұрғын үйлердің бірінде газдың жарылуы салдарынан екі адам қаза тапты. Аудан әкімі аталмыш үйдің неліктен орталық жылу жүйесіне қосылмағанын айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Тұрғын үйде жалпы 46 адам тұрған, жарылыс кезінде 35 адам болды. 

Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адам, оның ішінде үш бала шығарылды.

Жұмыстарға 139 адам және 32 техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта апаттық-құтқару жұмыстары аяқталды.

«Аудан орталығында осындай қайғылы жағдай орын алып отыр. Біріншіден Рахметовтер әулетіне қайғыра көңіл айтамыз. Облыс басшылығымен бірге зардап шеккендерді пәтермен қамтамасыз ету қолға алынды. Тұрғын үй 2014 жылы пайдалануға берілген. Ауданда осы тәрізді 12 үй бар және оның екеуі орталық қазандыққа қосылмаған. Бұл пәтерлер жылу жүйесіне біртін-біртін қосылып келе жатқан үйлер. Қазандық кейіннен салынды, сондықтан да қосылмаған», - дейді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Қайратқалиұлы.

Аймақтың медициналық мекемелеріне бес зардап шегуші, оның ішінде үш бала жеткізілді. Екі бала амбулаториялық емделуге жіберілді, бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына қанағаттанарлық жағдайда жеткізілді. Екі ересек пациенттің біреуі өте ауыр жағдайда (80% күйік шалған), екіншісінің жағдайы қанағаттанарлық. Пациенттерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Оқиға орнында жедел штаб ашылды. Қарағанды облысының ТЖД-да (8-7212) 51-72-23 нөмірі бойынша жедел желі телефоны ашылды. 25 тұрғынға шұғыл психологиялық көмек көрсетілді.