Қазіргі заманда біздің қоғамда үйсіз жануарлардың мәселесі өршіп тұрғаны жасырын емес. Үй жануарларының далада қалатын себебі - адамдардың жауапкершілікті сезінбеуінен.
Иә, кішкентай ғана үй жануарлары – өте сүйкімді, әдемі әрі нәзік. Бастапқыда кішкене балалар үй жануарларын кішкене "ойыншық" сияқты қызық көріп, ал ересек адамдар кішкене баласының қызығушылығы мен талабына көніп немесе өздерін жалғыз сезінбес үшін асырайды. Бірақ, құрметті оқырман, үй жануары тек бала қызығушылығы немесе жалғызсыратпайтын алданыш қана емес екенін түсінгеніңіз жөн.Бірінші кезекте үй жануарлары- жаны бар тірі организм. Тұлға емес әрине, бірақ оның да бұл әлемде өзіндік орны бар.
Үй жануарын асырамас бұрын ескеретін бір жәйт бар. Ғаламтор дамыған ғасырда жануарлар жайында қажетті ақпаратты оқып, арнайы мамандардың кеңесіне жүгіну керек. Мүмкін бұны "еріккендік" деп есептеп "мысық,ит асырау үшін осылай бас қатырамын ба" - деп ойлайтын адамдар да болуы мүмкін. Егер бұндай жауапкершілікке дайын болмасаңыз асырамағаныңыз жөн. Үй жануарын асыраған соң оларға қамқор болу қажет.