2023 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
111 жыл бұрын дәл осы күні Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрген еді. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды.
«Қазақ» газетінде Мұстафа Шоқай, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Халел Досмұхамедов және тағы басқа танымал қазақ қоғам қайраткерлері өз мақалаларын жариялады.
Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, азат ел болуға үндеген басылымға зиялылардың сіңірген еңбегі мол. Басылым бетінде ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, мәдени мәселелер жарияланып тұрған еді.
«Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көрді. 1918 жылға дейін 266 саны шығып, 8 мыңға жуық тиражбен тараған. Үміт пен үрей билеген заманда саяси сананы жаңғырту үшін бастарын бәйгеге тіккен алаш азаматтарының бұл ісі азаттық қозғалысының өркениетті үлгісі еді.
Қазақ зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. Сол себепті осы датаны Ұлттық басылым күні ретінде атап өтудің маңызы зор.