BANNER

Облыс әкімінің орынбасары «Абай-ақиқат» газеті мен «5 арна» телеарнасын мерейтойымен құттықтады

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Биыл «Абай-ақиқат» газетіне 50 жыл, «5 арна» телеканалына 30 жыл толып отыр. Бұл атаулы мерекеде қос ұжымды облыс әкімінің орынбасары құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Қатар келген қос қуаныш

Осыдан жарты ғасыр бұрын сол кездегі Мичурин аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық атқару комитетінің ресми баспасөз органы болған басылым «За коммунистический труд!» деген атаумен жарыққа шығып, 2001 жылдан бастап «Абай-ақиқат» болып өзгерген еді. Бұл жылдар ішінде оның бас редакторы болып 15 адам еңбек еткен. Газет 2021 жылы жеке меншікке өтіп, қазір оның құрылтайшы-директоры «Орталық Қазақстан» газетінен түлеп ұшқан журналист Құрманғазы Өтебай болып отыр. Ол аптасына 8 беттен жарыққа шығып, биыл аудан көлемінде 2 мың данамен тарауда.

Қатар келген қос қуаныш

Бүгінгі таңда «5 арна» - бұл телехабар тарату нарығында, өз бағдарламаларын шығаруда жетекші орын алатын, сондай-ақ ақпараттық хабар таратуда көшбасшылардың бірі болып саналатын қарқынды дамып келе жатқан телекомпания. Телеарна алғаш рет 1994 жылы 7 ақпанда эфирге шықты. Осы уақыт ішінде «5 арна» ұлттық хабар таратушы мәртебесіне ие болып, Қазақстанның телевизиялық нарығының танымал көшбасшыларының бірі атанып отыр. Күн сайын телекомпанияның ақпараттық қызметі «жаңалықтар» бағдарламасының жарты сағаттық шығарылымын шығарады. 15 жылдан астам уақыт бойы «5 арна» танымал телевизиялық жанрларды дамыта отырып, жаңа бағдарламаларды сәтті жүзеге асырып келеді.

Қатар келген қос қуаныш

Мерейтой салтанатын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын құттықтау сөзбен ашып, газет редакциясы мен телеарна ұжымына аймақ басшысының Құрмет грамотасы мен арнайы сый-сияпатын табыс етті.

«Өздеріңізге белгілі тез өзгеріп, тез дамып жатқан заманда, бүгінгі жаңалық бүгін ескіріп жатқан кезеңде ақпарат құралдарының орны еселеп артып отыр. Қай уақытта да солай болған, осыдан ғасыр бұрын біздің алаштың арыстары «баспасөз құралдары – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бекер айтпаған. Бүгінгі күні де ол сөздер өзінің өзектілігін, маңыздылығын жойған жоқ. Өзінің орны бар, өзінің тарихы мен дәстүрі бар бірқатар басылым бар. Соның ішінде, «Абай-ақиқат» газеті мен «5 арнаның» орны ерекше деп білеміз. Биыл «Абай-ақиқат» газетіне 50 жыл, «5 арна» телеарнасына 30 жыл толып отыр. Әрине, бұл тек сіздер үшін ғана емес, біз үшін де үлкен мерейлі мерейтой деп білеміз», - деді өзінің құттықтауында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Қатар келген қос қуаныш

Келесі кезекте қос ұжымды мерейтойымен құттықтаушылар сөз алып, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан әрі салтанатты шара қатысушылары журналистика саласын дамыту бойынша пікірлерін білдіріп, өзара ойларымен бөлісті.