Экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істер бойынша тағы қыруар қаржы мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қосымша қаражат жыл басынан бері өндірілді.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің көмегімен Қ. Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке 2024 жылдың басынан бастап қосымша 44,6 млрд теңге қайтарылды", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебінен республикалық бюджетке жіберілді.
Айта кетері, бұған дейін антикор Сатыбалдының мемлекетке 650 млрд теңгені ($1,45 млрд) қайтарғанын хабарлаған. Ол қылмыстық жолмен алынған қаражатқа және заңсыз іс-әрекеттерден түскен пайдаға сан алуан мүлік сатып алған. Ал, ақшаны Қазақстан мен шетелдегі банк шоттарына салған.
Сондай-ақ, салықтан жалтару фактісі бойынша Сатыбалдыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.