Қазақстанның медициналық мекемелерінде маска режимі қайта оралды. Азаматтарға халық көп жиналатын орындарда да бетперде кию ұсынылды. Тиісті қаулыға елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қол қойды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Қаулы халық арасында ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында қабылданған.
Барлық өңірге медициналық ұйымдарда персонал мен келушілердің медициналық бетперде тағуын және антисептиктердің болуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ, халық арасында коронавирус, тұмау мен ЖРВИ профилактика шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қоса денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға халық көп жиналатын орындарда (әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал, базар, сауда-ойын-сауық орталығы, сауда үйі, театр, кинотеатр, ХҚКО, банктер және т.б.), сонымен қатар көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген маскаларды пайдалануға кеңес берді.
Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.