Әлеуметтік желіде Алматы облысында белгісіз ер адам төрт баланы ұрып-соғып, азаптап, оларға пышақ салғаны туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов түсінік беріп, күдікті анықталғанын хабарлады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Telegram-дағы арналардың бірінде аталған оқиға Алматы облысының Жамбыл ауданында болғаны айтылады.
"Белгісіз ер адам төрт кішкентай баланы байлап, ұрып-соғып, азаптап, пышақтаған. Полицейлер күдіктіні анықтап, оны ұстау шараларын жүргізіп жатыр", - делінген жазбада.
Бұған қатысты Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-дағы парақшасында пікір білдірді.
"Кәмелетке толмағандарға шабуыл жасаған әрекет туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті тұлға анықталды. Оны құрықтау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдануда", - дейді облыстың бас полицейі.
Оның айтуынша, аталған дерек бойынша облыстың барлық аудандық бөлімшелері мен өңірлік полиция органдары бағдарланған.