25 наурыздан бастап Қарағанды облысында Zhas Project шағын гранттар конкурсына өтінімдер қабылдау басталады. Биыл өңірдегі әлеуметтік жобаларды қолдауға 14 грант бөлінеді.
Zhas Project елшілері – жастар ресурстық орталықтары. Қатысушылар орталықтардан тегін кеңес ала алады. Жобаның операторы екінші жыл "Қазақстанның Экологиялық Қоры" ҚҚ.
– Zhas Project әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы NEET санатындағы 18 жастан 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Конкурстың ережесімен zhasproject-karaganda-kostanai.kz веб-порталында танысуға болады. Әлеуетті қатысушылар веб-ресурста жеке тіркеуден өтуі, сауалнаманы толтыруы және қажетті құжаттарды тіркеуі тиіс. 24 наурызға дейін ақпараттық-түсіндіру науқаны өтеді, ал өтінімдерді қабылдау 25 наурыздан басталады, – деді "Қазақстанның Экологиялық Қоры" ҚҚ президенті Айгүл Әбдуалиева Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте.
Веб-порталда конкурсқа өтінім беру үшін жеке куәліктің көшірмесін, электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттен облыс аумағында тіркелгенін растауды, қатысушының осал мәртебесін растайтын құжаттарды тіркеу қажет.
Шағын гранттар конкурсына қатысу туралы қосымша ақпаратты call-орталықтың +7-777-870-27-00 нөмірі бойынша алуға болады. Конкурстың қорытындысын шығару осы жылдың қараша айында форумда соңғы екі жылдағы үздік жобалар авторларының қатысуымен өтеді.
Айта кету керек, Zhas Project 2022 жылы Алматы, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау және Түркістан облыстарында және Ұлытау облысында пилоттық режимде іске асырылды. 2023 жылдан бастап ол еліміздің барлық 20 өңірінде іске асырылуда.