Қарағандыда Amanat партиясынан мәслихат депутаттарының екінші облыстық форумына 200-ге жуық қатысушы жиналды. Бұл әр түрлі деңгейдегі депутаттар, мемлекеттік басқармалар мен департаменттердің басшылары. Олар еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті цифрландыру, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті, туризмді, өнеркәсіпті дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Халық қалаулыларының мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесуі "таунхолл" форматында өтті.
– Өткен жылдың қыркүйек айында біз бірінші облыстық форум өткіздік. Сол кезде депутаттардан 72 сауал келіп түсті, олардың көпшілігіне жауаптар алынды, – деді Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков. – Биыл форум екінші рет өтуде. Және 100-ден астам сұрау түсті. Мұндай форматтағы кездесулер сайлаушылардың мәселелерін шешуге көмектесетініне сенімдімін. Бұл біздің басты мақсатымыз.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз орынбасарлары мен мемлекеттік органдардың басшыларына форумда айтылған барлық мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Ол халықтың әл-ауқатының өсуі мен елді мекендердің үйлесімді дамуы үшін жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
– Депутаттар күн сайын өз қалалары мен аудандарында халықпен кездесіп, көптеген өтініштермен танысады, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев. – Бұл көлік инфрақұрылымын қалыптастыру және ТКШ жаңғырту, білім беру және денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және бизнесті дамыту, абаттандыру және көгалдандыру мәселелері. Бұл сұрақтарды жергілікті атқарушы органдарға жеткізу және проблемалардың шешімін табу – бүгінгі ашық есік күнінің міндеттері.