Қарағанды облысы аумағындағы республикалық маңыздылығы жоғары жолдарға көктайғақтың алдын алу үшін ақпан айында 1143 тонна құм мен 1011 тонна тұз себілген. Бұған қоса 50 тонна химиялық реагент пайдаланылған. Жалпы ұзындығы 1444 шақырым жолдарға «Қарағанды-Балқаш» , «Солтүстік Шығыс айналма», «Қызылорда-Павлодар», «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолдарының учаскелері кіреді. Бұл күрежолдарға қысқы күтімге жауапты «ҚАЖсервис» ЖШС 140 техникасы қар тазалау жұмыстарын күшейтті. Биыл өңірге қар қалың түсті. Қазір жол бойы мен көпірлер, суағарларды ақ ұлпадан аршуға басымдық берілген. Ерте көктемгі су тасу уақытына дайындық жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары жіті назарда ұстайды.