BANNER

Жаңаарқа ауданында жылқы малы қырылып жатыр

Ерлан Төлеутай/Facebook

Ұлытау облысының кей аудандарында жылқы малы азық жетпей қырылып жатыр.

Бұл туралы осы өңірдің тумасы, әнші әрі ән өнерін зерттеп жүрген ғалым Ерлан Төлеутай хабарлады.

Оның айтуынша, Жаңаарқа ауданында ауыр жұт болып, мал қырылып жатыр.

«Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған. Түртіп қалсаң  құлағалы тұр. Құлағаны тұрмайды — пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түзсіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жемшөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң елдің шөбі түгесілуге таяу. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Бұған қайрат қылып жатқан өкімет жоқ. Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмай отыр. Кәрі құлақтардың айтуынша мұндай ауыр жұт арқада 1968-1969 жылдары, ескіше Мешін мен Тауық жылдары болған. Айырмашылығы — 1968-1969 жылдардағы жұтта апталап боран соғып, 30-40 градустық аяз бір ай бойы тұрып алған. Биылғы жұтта боран соңы жаңбырға, оның соңы қатты аязға ұласқан. Жаңа сырттан келдім, теріскейден шығып алған өкпек, ызғарлы жел өңменіңнен өтеді. Жылқы баққандар біледі, бұл — әбден арыған, әлжуаз жылқының түбіне жететін нағыз жұттың желі» деп жазды ол Facebook парақшасында.

Оның сөзін жергілікті жұртшылық та растады. Олар фото-видео жіберіп, жағдайдың ауыр екенін жеткізді.

Осыған орай Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев жауап берді.

«Қыс соңында болып жатқан қиыншылықтармен толық таныспыз. Бұл бағытта аудандық штаб құрылып, тиісті мекемелер, кент, ауылдық округ әкімдері мен кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен бірлескен шаралар қолға алынуда. Шығынға ұшыраған мал санын анықтау, шаруа қожалықтарына жылқыларды тиісті орындарға жеткізіп алу үшін материалдық-техникалық көмек көрсету, жемшөп бағасын тұрақты ұстап тұру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі уақытта даладан табылған жылқылардың иелері анықталмай отыр. Кеңес кезінде осындай жағдайда мемлекет тарапынан үлкен күш салынғаны рас. Дегенмен, ол уақытта мал толығымен мемлекеттік меншікте, яғни, ортаның малы болды. Соған сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Қазіргі жағдай мүлдем бөлек. Жылқы малы толық жеке меншік иелерінде. Сондықтан, оларды базаға тіркеу, жемшөп қорын даярлау, олардың бағылуын ұйымдастыру мемлекеттік орган құзыретіне кірмейді. Жемшөп шығынын қайтару үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да әркім арнайы жүйеге (базаға) кіріп, электронды қол қою арқылы жергілікті әкімдіктің қатысуынсыз сұраныс бере алады. Шөптің тоннасының бағасы 120 мың деген дерек негізсіз. Қызылорда мен Шымкент жақтан жоңышқа жеткізіліп, сатылуда. Аудан ішінде шөп қоры бар, шаруашылықтар тоннасын 35-60 мың аралығында сатып жатыр. Кебек қоры жеткілікті. Олар әр пунктте қабы 1350-1450 теңгеден сатылуда. Аудан әкімдігі жемшөп бағасын көтермеу үшін кәсіпкерлермен келісімге келіп жатыр», — дейді Қанат Қожықаев.

Жалпы, Жаңаарқа ауданы агроөнеркәсіп кешенінде 12 ЖШС, 987 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр.

Әкімнің айтуынша, 2023 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен талапқа сай келетін 584 шаруа қожалығына облыстық бюджет есебінен жемшөп шығынын өтеу үшін барлығы 749 млн 294 мың теңге көлемінде субсидия берілген.

Жаңаарқа ауданында қарасты шаруа қожалықтарына субсидия үлестіруді Ұлытау облысының ауыл шаруашылық басқармасы жүзеге асырады.

Оған EGov электронды үкімет порталы арқылы өтінім беруге болады.